Ақтауда көп балалы 6 анаға «Алтын» және 17-не «Күміс» алқа табысталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айтулы марапатты қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали салтанатты түрде тапсырды.
«Сіздерге қанша жерден алғыс айтсақ та аздық етеді. Еліміздің демографиясына үлес қосып, бір қолмен бесікті, бір қолмен әлемді тербетіп жүрсіздер. Балаларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын! Отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Аяулы аналарды құрметтеу бұл біздің перзенттік парызымыз», - деді Нұртас Сали марапатттау рәсімінде.
Өз кезегінде алқалы аналар да рақметін айтып, ризашылығын жеткізді.
«Алтын құрсақты аналарды құттықтағандарыңызға көп рақмет. Айтар алғысымыз шексіз. Көп балалы аналар қатары көбейе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деді Махабат Бахытова.
Жыл басынан бері Ақтау қаласында 26 ана «Алтын алқа» иегері атанса, тағы 86 адам «Күміс алқа» табысталған.