6 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Мейірімді ана» қоғамдық қорының орталығында болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мейірімді Ана» қоғамдық қоры қиын өмірлік жағдайға тап болған жұмыссыз аналарға көмек көрсетуге бағытталған жобаларды іске асырады.
Әйелдерге тігінші, массаж жасаушы мамандығын меңгеруге немесе өз ісін ашуға көмектеседі. Қор екі жыл ішінде мыңға жуық анаға көмек көрсетті. Оның ішінде 50 әйел тігіншілік курсын аяқтаса, тағы 5 адам бизнеске грант ұтып алды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев проблемалармен бетпе-бет келіп, қоғамды жақсы жаққа өзгерткісі келетін белсенді үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету керектігін атап өтті.
– Жыл өткен сайын қайырымдылық ұйымдарының саны артып, сонымен қатар олардың іске асыратын бағдарламалары да көбейіп келеді. «Мейірімді ана» қоғамдық қоры сияқты үкіметтік емес ұйымдар қиын жағдайға тап болған аналарға көмектесіп, қоғамымыздың дамуына атсалысуда. Үкіметтік емес сектормен сындарлы серіктестік халықтың сенімін арттырып, нәтижеге беретініне сенімдімін, - деді Нұрлан Ноғаев.
«Мейірімді ана» қорының кеңсесі 29 шағынаудандағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Жаңа кеңсеге келіп, көмек алуға кез келген адамның мүмкіндігі бар.