Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эльчин Маммадовты қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде екіжақты экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері және өңіраралық кәсіпкерлікті дамыту перспективалары талқыланды.
Облыста әзербайжандық капиталдың қатысуымен 200-ден астам кәсіпорын тіркелген, олардың көпшілігі көлік, азық-түлік өндірісі және көтерме сауда саласында жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы үкіметаралық комиссияның 16-отырысының хаттамасына сәйкес, Ақтауда Әзербайжаннан азық-түлік тауарлары жеткізілетін бөлшек сауда нүктесі ашылды.
Нұрлан Ноғаев жыл басынан бері Маңғыстау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 10,5 миллион АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт – 5,6 миллион АҚШ долларын, импорт – 4,9 миллион АҚШ доллары болғанын атап өтті.
- Құрметті Эльчин Башироглы, сізді Маңғыстау облысында көргенімізге қуаныштымыз. Қызметке тағайындалуыңызбен құттықтай отырып, бүгінгі кездесуіміз экономикалық маңызды жобаларды сәтті орындау үшін бірлескен шешімдердің бастауы болады деп сенеміз. Маңғыстау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан Қазақстанның жетекші және маңызды өңірлерінің бірі. Айта кету керек, Ақтау мен Баку авиация, теміржол, автомобиль және теңіз көлігі желілері бір жерде шоғырланған ірі көлік-логистикалық орталықтарға айналды, - деді Нұрлан Ноғаев.
Кездесу соңында қос тарап бірлескен жобаларды орындауға және екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа нысандарын іздеуге белсенді қатысу туралы шешім қабылдады.