Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан өңір әйелдерін мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы ең алдымен адамзат пен дүниежүзілік өркениет тарихында әйелдердің орны ерекше екеніне тоқталды. Ғасырлар бойы ананы ардақтау, әйелді құрметтеу ұлттың басты құндылығы болғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміз саяси өзгерістер мен жүйелі жаңғыру кезеңіне қадам басты. Осы орайда, әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты Жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізеді» деп атап өтті. Көркем көктемнің осындай әсем салтанатпен басталуының өзіндік ерекшелігі бары сөзсіз. Себебі, табиғат тіршілігі күлімкөз көктемнен бастау алса, адамзат өз өмірінің бастауын ардақты анадан алады. Маңғыстау облысы бірнеше жыл қатарынан елімізде бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы орында келеді. Бүгінгі таңда өңірімізде 36 062 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 12 120 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. Көпбалалы аналар, дәрігерлер мен мұғалімдер, мәдениет және спорт қайраткерлері, бизнес өкілдері, әскерилер, журналистер – бәрі де мемлекетіміздің сенімді тірегіне айналды. Қоғамымыздың іргетасын – бірлікті, жасампаздық пен тұрақтылықты ерең еңбекпен нығайтты! - деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әйелдерді алғыс хатпен марапаттады.