Ақтау халықаралық әуежайында коронавирусқа қарсы оқу-жаттығу өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен қауіпті індет белгілері байқалған жағдайда құтқарушылар, санитарлық дәрігерлер мен экипаж мүшелері қалай әрекет ететіндігі іс жүзінде тексерілді.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша Ақтау әуежайына халықаралық рейстегі ұшақтардың бірі келіп қонады. Ұшақ командирінің хабарлауынша, әуеде жолаушылардың бірінің қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген.
«Қызу, әлсіздік, жөтел - бұл қауіпті вирустың басты белгілері. Енді жедел әрекет ету тобынан бастап тәртіп сақшыларына дейін әрбір қызметкер вирустың облыс аумағына енуіне жол бермеу үшін жауапкершілік алған. Сондықтан әркім өз міндетін мүлтіксіз орындауы шарт», - дейді облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.
Сонымен қатар арнайы көліктер арқылы жолаушылар мен экипаж мүшелері эвакуацияланады. Бұндай жағдайда жолаушылар артық шу шығарып, дүрбелең тудырмау керек. Күту залына өткен жолаушылар тағы да тепловизор арқылы тексерілді. Азаматтық қорғау басқармасының өкілі Азамат Төлегеновтың айтуынша, жаттығу жұмыстары сәтті өткен.
«Тапсырма толығымен орындалды. Бұның тактикалық жаттығу екенін тағы бір рет еске саламын. Ешкім зардап шеккен жоқ. Барлығы аман-сау», - деді ол.
Айта кетейік, Ақтау әуежайы күніне 10-14, ал аптасына 100 рейске дейін қабылдайды. Мұндай жаттығу жұмыстары республика бойынша жүргізіліп жатыр.