Қарақияда шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер форумы өтті. Форум «Құрық ауылында кәсіпкерлік әлеуетті дамыту» жобасының шеңберінде ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Өз кәсібінің нәсібін көріп отырған кәсіпкерлердің басын қосқан форумға аудан басшылығы, «Ersai» компаниясы, «Орталық Азияның Еуразия Қоры» өкілдері қатысты. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлерлерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Форумды бизнес тренер әрі кеңесші Асқар Секербаев ашып, жаңа кәсіпкерлерді алғашқы қадамымен құттықтады. Содан соң Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Сымбат Қуанышұлы: «Қарақия ауданы үшін бүгінгі өтіп жатқан кәсіпкерлер форумының маңыздылығы өте зор. «Ersai» компаниясы мен «Орталық Азияның Еуразия Қоры» бірлесіп, кәсіпкерлікті дамыту барысында жас кәсіпкерлердің алғашқы қадамдарына қаржылай көмек көрсетуде. Сондай-ақ аудан тұрғындарына жеңілдетілген кредиттер, оның ішінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша кредит алғандар өз істерін жүзеге асыруда. Бөлінген қаражат көлемі 22 миллион және де бизнес идеяларын іске асыруда 48 жоба қолдау тапты. Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры бойынша шағын несие алған 33 адам өз ісін дөңгелетіп, бүгінгі таңда ол кәсіпке 94 миллион қаржы бөлінді»,- деді. Игі шара барысында Қарақия аудандық кәсіпкерлер палатасыны директоры Аманат Махмұтов, «Еrsai» компаниясының сапа бөлімі директоры Максим Петровтар мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі бағдарламаларға тоқталып, оның маңыздылығын атап өтті. «Жобаның мақсаты - Құрық ауылы тұрғындары арасында өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін және кәсіпкерлік белсенділігін арттыру. Жоба аясында қаржылық сауаттылықты жоғарылату және бизнес жоспарлау негіздері бойынша көптеген тренингтер өткізілді. Жалпы, «Құрық ауылында кәсіпкерлік әлеуетті дамыту» жобасы 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жылдар ішінде өз кәсібін ашуға 20 кәсіпкерге грант берілді», дейді бизнес тренер Асқар Секербаев. Үздік бизнес идеяларын ұсынған, дәнекерлеу жұмысын өндіру бойынша Жандос Құттымұратов пен көлік жөндеу орталығын кеңейту бойынша Серік Жұбанышов бір миллион теңге, ал Қожабек Алмағанбетов екі миллион жарым теңге көлемінде қайтарымсыз грантпен марапатталды. Жиын соңында бизнес-тренер Байтілеу Айболатов онлайн маркетинг, бренд және оның түрлері, жеке брендті дамыту, инстаграм, ютуб бойынша сатылым жүргізу жайында мәлімет бере отырып, тың идеяларымен бөлісті.
Фариза ХАЙДАРОВА