Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске асырылуы, атаулы әлеуметтік көмек көрсету және жұмыспен қамту мәселелері, өңірдегі санитарлық-эпидемиялогиялық жағдайдың тұрақтылығы және суға шомылу маусымының қауіпсіздігі тақырыбында мәселелер қаралды. Облыста көп балалы және мүгедек балалары бар аналарды, сонымен қоса толық емес отбасыларды тұрғын үймен қамту бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске асып жатқандығы белгілі. Бұл тұрғыда облыс бойынша 5585 адам кезекте тұр. Бүгінгі күні сол кезекте тұрған тұрғындардың 415-іне жолдама берілген. Соның ішінде 151 адам «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ға өтініш білдірген. 112 тұрғынның өтініші қабылданып, 39-ның арызы кейін қайтарылған. Ал 9 адамға бүгінгі күні банк тарапынан несие беруге келісім келген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимовтың айтуынша банк тарапынан несие беруге келісім берілген азаматтарды сертификатпен қамту бойынша шешілмеген бірнеше мәселе бар. Осы орайда аймақ басшысы Серікбай Трұмов қала және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тиянақты түрде бірігіп жұмыс жасау керектігін айтты. «Бақытты отбасы» бағдарламасының уақытылы жүргізілуін бақылауға алуды өзінің орынбасары Нұрлыбай Аққұловқа тапсырды. «Қазіргі таңда облыс халқының 6% атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Яғни бұл– кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүреді деген сөз. Оның ішінде Мұнайлы ауданы бойынша кедейшілік шегінен тө мен өмір сүретіндер саны – 11%, Бейнеу ауданы бойынша – 10%, Маңғыстау ауданы бойынша - 7% құрап отыр. Бұл – жергілікті атқарушы органның қызметін бағалауға кері әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев. Сондай-ақ басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда бірнеше заңсыздықтарға жол берілгендігін де айтады. Мәселен, ең үлкен қателік Маңғыстау ауданы бойынша орын алған. Ауданда әрбір төртінші атаулы әлеуметтік көмек мөлшері артық тағайындалған. Сонымен қатар Қарақия мен Түпқараған аудандарында да АӘК тағайындау барысында қателіктерге жол берілген. Бұған бірден-бір себеп тұрғындардың табысының дұрыс есептелмегендігі. Осы орайда аталған кемшіліктерді биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жою көзделіп отырғандығын Қ.Берішбаев тілге тиек етті. Ал өңірдегі санитарлық-эпидемиялогиялық жағдай тұрақты. Екпе жұмыстары да халыққа кеңінен түсіндірілуде. Суға шомылу маусымына келер болсақ, адам шығыны көп. Бұл орайда облыс басшысы қауіпсіздік шараларының әлі де жетілмегендігін айтып, тиісті органдардың жұмысын сынға алды. Әсіресе «Шора» аймағындағы қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды екенін айтты. Бұл бойынша арнайы шараларды дер кезінде ұйымдастырып, бақылауға алуды орынбасары Руслан Сәкеевке тапсырды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА