©
Биылғы бірінші тоқсанда Маңғыстау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында аяғы ауыр үш әйел АИТВ инфекциясымен тіркелген. Ал сәуір айының басында мұнда 6 жүкті келіншек тіркеуде тұр. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін бе және инфекцияның анадан балаға берілуінің алдын алу жолын дәрігерлердің барлығы меңгерген бе? Осы мәселе таяуда ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықта «АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу, жүкті әйелдерге АИТВ-ға кеңес беруді және тестілеуді ұйымдастыру, АИТВ жұқтырған жүкті әйелдерге стационарлық және амбулаторлық көмек көрсету. Жүктілік кезінде АИТВ инфекциясын емдеу» тақырыбында өткен облыстық семинарда толыққанды көтерілді. Семинарды орталық директорының міндетін атқарушы Алмабек Бисен кіріспе сөзбен ашып, басқосудың Маңғыстау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының жылдық жұмыс жоспарына және Маңғыстау облыстық ЖИТС-тың алдын алу және дерматологиялық аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі жол картасының 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылғанын қаперге берді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ляззат Есенғалиева басқосудың келер ұрпақ денсаулығы үшін маңыздылығын атап өтіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Семинарға қатысқан өңірдегі босану және босануға көмек беру қызметінің медицина қызметкерлері мен педиатрларына ЖИТС орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Жәмила Махамбетқалиева, диспансер бөлімінің меңгерушісі Әлия Жиенғалиева және орталықтың жауапты мамандары тақырыпқа байланысты ақпарат жеткізіп, дәріс оқыды, тиісті кеңес берді. Мамандар келтірген мәліметке сүйенсек, 2003 жылдан бері 36 жүкті әйелден инфекция табылып, олардан 26 бала туып, үшеуі түсік тастады. Орталық мамандары биыл туған екі балаға инфекция жұғуының алдын алды. Дер кезінде антиретровирустық терапиямен емдеудің себебімен 22 бала диспансерлік есептен шығарылған. Қазір есепте тұрған жүкті әйелдің алтауы да дәрігерлердің қатаң бақылауында. Олардың барлығы антиретровирустық терапиямен емделіп жүр. Орталық мамандарының айтуынша, АИТВ жұқтырған бір әйел антиретровирустық терапияны қолдана жүріп, жеті мәрте жүкті болып, жеті баласы да вирустан ада, сау болып туған. Әлбетте әйелдің қанында вирустың бар болуы оның бала сүю бақытынан айырмайды. Алайда жұқпа дер кезінде анықталып, дәрігер көмегін уақытылы пайдаланса, вирустың ұрпаққа берілу қаупі сейілмек. Бұл, әрине, бойына бала біткен АИТВ бар әйел антиретровирустық терапияда және тұрғылықты жері бойынша ЖИТС орталығы дәрігерлерінің және учаскелік акушер гинекологтардың қадағалауында болғанда ғана мүмкін болмақ. Мамандар семинарға қатысушыларға вирус жұқтырудың алдын алудың қыр-сырын түсіндіріп, олардың сауалдарына жауап берді.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА