©
Маңғыстау облысында АИТВ жұқпасымен ең бірінші жағдай 1994 жылы тіркелді. Қан талдауы арқылы ғана анықталатын вирустың бар-жоғын зертханада анықталатыны белгілі. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық зертханасының лаборант дәрігері Гүлзия Сүйебаева медициналық зертхана қызметінің негізінен пациенттердің биологиялық сынамаларын талдауға байланысты болатынын айтады. Талдамалар нәтижесінде алынған ақпарат аурулардың дамуына скрининг, диагностика жасау мен оны емдеу барысын қадағалау үшін немесе ауруларды болдырмау үшін пайдаланылады. Зертхананың мақсаты–нақты нәтижелермен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар осыны ойға қонымды мерзімде, әдептілік аспектілерін есепке алу арқылы зертханалық барлық рәсімдердің қадағалануын қамтамасыз ету, пациент пен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету бағытында тиімді диагностика жасау үшін зертханаға келіп түскен биологиялық материалды сапалы зерттеуді қамтамасыз ету де басты міндеттердің бірі саналады. Рас, қанынан вирус табылғандар дертінен толық жазылып кетпейтінін әркім де біледі. Алайда, оларға АИТВ жұқпасының таралуын тежейтін антиретровирустық терапиямен емдеу қолға алынған (АРВТ). Маманның айтуынша, дәрі-дәрмектерді қабылдаған кезде ережені қатаң ұстанса, емнің нәтижесі жақсы болады. Өздігімен ештене өзгертуге болмайды. Зертханада анықталатын басты жасуша—СД4 жасушалары. Оның науқастың емделуі үшін маңызы зор. - СД4 жасушалары иммундық жүйе күшінің маңызды көрсеткіші болып табылатындықтан, АҚШ-та емдеу жөніндегі ресми хаттамалар бойынша СД4 мөлшеріне әр 3-4 ай сайын бақылау жүргізеді, - дейді Гүлзия Асқарқызы. - ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта диспансерлік бақылауда 186 иммундық тапшылық вирусымен өмір сүріп жатқандар тіркелсе, солардың 164-ы ем алады. Жыл сайын кесте бойынша антиретровирустық терапияны тағайындау үшін қандағы СД4 жасушаларының құрамына тексеруден өтеді. 2018 жылы осындай 510 зерттеу жүргізілді. Ал биылғы жылдың 2 айында 65 адам тексеріліп, 86 зерттеу жүргізілді. Сол талдамалар негізінде науқастарға ем тағайындалады. Дәрі мөлшерінің азаюы вирустың қайта «оянуына» мүмкіндік береді, ол қайтадан СД4 жасушаларының ішінде көбейіп, олардың тіршілігін жоя бастайды. Сондықтан емді неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым науқастың өмір жасы ұзарып, вирустың көбеюіне жол берілмейтінін есте сақтаған дұрыс.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА