©
Бүгінгі таңда медициналық сақтандыру қорына Маңғыстау облысы бойынша 7,6 млрд. теңгеден астам жарна түсті. Бұл – жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, 2019 жылдың 28 ақпанына дейінгі уақытта түскен сома. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалы хабарлады. – 7,6 млрд. теңгенің (шамамен 97,5%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 0,18 млн. теңге (2,5%-ға жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісім шарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Маңғыстау жарна төлеу бойынша аймақтар ішінде 7-орында тұр, – дейді ӘМСҚ филиалы директорының орынбасары Жанетта Нұрбергенқызы. Республика бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 28 ақпанына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 149,2 млрд. теңгені құрады. Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу бойынша Алматы, Астана қалалары көш бастап келеді. Ал Қарағанды облысы үшінші орында тұр. Айта кетейік, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.Үміт ЖӘЛЕКЕ