©
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі... Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» – деп атап көрсетті. «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Қасиетті орындар – ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұралар, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер. Қазақстан халқы өшпес із қалдырған және ұлттық бірлік пен жаңғыру символы ретінде көрінетін тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар. Достық үйінде «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференция «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихимәдени мұралары» халықаралық ғылыми кешенді экспедициясының қорытындысы бойынша анықталған тың деректерді ғылыми айналымға енгізу, қазақ тарихының маңызды артефакттары ретінде өлкенің тарихи жәдігерлерін терең зерттеу, архивтікбиблиографиялық ізденістерді жүйелеу, Маңғыстаудың мың жылдық тарихын зерделеу, өлке тарихын зерттеуде жаңа көзқарас қалыптастыру бағыттарына арналды. Конференцияда тарихтан хабар беретін үш көрме жұршылықтың тамашалауына ұсынылды. Оның негізгісі былтырғы халықаралық деңгейде жүргізілген экспедиция қорытындылары. Өткен экспедиция қорытындысы бойынша бұрын Маңғыстауда анықталмаған 20 құдық шыңыраулар, 5 жер асты, жер үсті мешіттері, көптеген библиографиялық, археологиялық жаңалықтар анықталған болатын. Сол жаңалықтарды бейнелейтін көрме, сонымен қатар «алтын қазған» діни қабірлеу кешенінен табылған жаңа экспонаттардың көрмесі жасақталды. Көрмеге «алтын қазғаннан» табылған ерекше экспонаттың әбзелдері, ері, жүгені қойылды. Конференция төрағасы – Маңғыстау облысының әкімі, заң ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдар докторы Ералы Тоғжанов. Конференцияға Ұлыбритания (Оксфорд университеті), Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінен ғалымдар қатысты. Конференцияда ең алғаш сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов ғалымдарға сәттілік тіледі. Ғалымдардың еңбектері мен зерттеулерін көпшілік қызыға тыңдады. Шетел ғалымдары бас қосқан ғылыми жиын үш тілде өтті. - «Маңғыстау мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» атты ғылыми практикалық халықаралық деңгейдегі конференция жұмысын бастады. Конференцияға шетелдерден 24 ғалым, қазақстандық ғалымдарды қосқанда 50 ғалым қатысып отыр. Конференцияның негізгі мақсатының өзі де Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, сонымен қатар «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасындағы қойылған талаптарға сәйкес елдің тарихын түпкілікті тұрғыда зерттеу мәселелері және тарихтағы өзекті мәселелермен алға қойылған перспективалар жоспарланған болатын. Конференцияның негізгі жұмысында қаралатын мәселелер былтырғы жылы өткізілген «Маңғыстаудың тарихи мәдени мұралары» материалдық және материалдық емес мұралары, халықаралық деңгейде өткен экспедиция қорытындысында анықталған ғылыми жаңалықтарды ғылыми ортаға енгізу болып табылады. Конференция жұмысына атақты және халықаралық деңгейдегі ғалымдар атсалысуда. Атап айтсақ, Түркі елінен, Британ, Ресей, Әзірбайжан, Иран мемлекеттерінен ғалымдар қатысып жатыр. Бұл ғалымдардың деңгейі конференцияның маңыздылығын көрсетеді. Маңғыстау тарихына жаңа, тың көзқарастармен оның перспективасын зерттеуге арналған конференцияға қатысушы ғалымдар Түпқараған ауданындағы Шақпақ ата мешітінде болып, танысып қайтты. Мешіттің ерекшелігін ғалымдар атап көрсетуде. Ғалымдардың барлығы Маңғыстау тарихына байланысты Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес мұраларына қатысты тың деректермен бөлісті, – деді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина. Өткен жылы ұйымдастырылған экспедиция – біздің Маңғыстаудың мәдени, ғылыми өміріне үлкен өзгеріс әкелген қозғалыс болды. Бұған елдің ықыласы ерекше екенін байқадық. Біз ғалымдар болып, солармен бірге жүріп тарихи нысандарды шолып, таныстырып, білгенімізді айтамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ біз барған жергілікті жердегі халық олардың ішіндегі зиялы қауым көптен бері күтіп отырған болып шықты. Бірнеше ауылдарға бардық. Келген ғалымдар тек Қазақстанды емес, әлемнің түкпіртүкпірін аралаған ғалымдар еді. Шетелден келген ғалымдар Маңғыстау халқының мұраға деген ерекше көзқарасына тәнті болып, «Мінездеріңізде ерекшелік бар екен» деп кетті. «ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, 4–6 мың жыл бұрынғы мұраларды сақтап, пайдаланып келесіздер. Осыны түсінгіміз, табиғаттарыңызды зерттегіміз келеді» дегенді айтты. Сондықтан экспедиция алдына қойған мақсатына артығымен жетті деп есептейміз. «Тек қана сақтап қоймай, күнделікті тұрмыс-тіршілікте, салт, әдет-ғұрыптарыңда осыны пайдаланып келе жатырсыздар. Осыны біз ерекше құбылыс ретінде ашып, түсінгіміз келеді. Сіздердің табиғаттарыңызды зерттегіміз келеді» деп еді мамандар. Осы конференцияға келген ғалымдардың ішінде сол ғалымдар бар. Бұл конференцияда ғалымдардың қорытындылары айтылады. Бірақ бұл мамандардың ойларында үлкен жоспарлар бар екенін байқадым. Экспедиция – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының іске асыру жоспары. Экспедицияға қорытынды жасамай жатып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы шықты. Біздің жұмысымызды бұл мақала одан әрі дамытып, тереңдетіп тұр. Біз соған қуанамыз. Біздің бастаған ісіміз тек қана Маңғыстауда емес, бүкіл ұлттық, түркілік дәрежеге көтеріліп бара жатқанына ризамыз, – деді өлкетанушы Алқажан Еділхан. - Маңғыстауда өтіп жатқан жиын рухани жаңғырудың жалғасы іспеттес тұрақты, дәстүрлі конференцияға айналды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының негізінде жүзеге асып отыр. Бас қосуға деректанушылар, тарихшылар, өлкетанушылар бірігіп Елбасының мақаласында көрсетілгендей, тұтастай тарихты зерттеуді нысанаға алып отырмыз. Мәселен шетел зерттеушілері зерделеулерінің арқасында өзіміздің тарихымызды пайымдап келдік. Деректер тікелей түпнұсқадан алынып, сарапқа салынады, – деді филология ғылымының докторы, шығыстанушы Ислам Жеменей. Жиын барысында ғалымдар жан-жақты зерттеп, сүзгіден сүзіп, елек пен елеп әкелген жұмыстарын таныстырды. ТРЕПАВЛОВ Вадим Винцерович – Ресей тарихшысы, профессор, тарих ғылымдарының докторы. РҒА Ресей тарих институтының бас ғылыми қызметкері, Ресей халықтары тарихының және ұлтаралық қарым-қатынас орталығының жетекшісі. Сұрақ: Бұл конференцияның қорытындысы қандай болмақ? Маңғыстау облысының әлемдік қоғамдастықты қызықтыратын тарихи орындары туралы, атап айтқанда «Алтын қазған» мифологиялық кезеңдері жөнінде көптеген қызықты оқиғаларды естідік. Конференцияның қорытындысын айтып берсеңіз, мүмкін шағын жинақтар шыға ма? – Қорытынды туралы тек конференция аяқталған соң көреміз. Негізінде осындай конференцияларды дайындау және өткізу, әрине, өте қажет және уақытылы өткізіліп тұруы тиіс. Себебі Маңғышлақ түбегінде және Батыс Қазақстанда сонау заманнан бері қалған ескерткіштер өте көп. Бұл жерде көптеген ондаған елдер өздерінің іздерін қалдырған. Соңғы кездері Қазақстанда ерте заманнан қалған ескерткіштерді іздеу және белгілеу бойынша үлкен жұмыс өріс алды. Қазақстандық тарихшылар халықаралық тарихшылар қоғамдастығының қолдауымен және ынтымақтастығының арқасында көптеген жұмыстар атқаруда. Жаңа және өте құнды тарихи материалдар жүргізу, бір сөзбен айтқанда ғылыми айналымға және мәдени дағдыға айналу үшін Қазақстан халқы мен өзге елдердің халқын осы тарихи асыл қазыналармен, осы өнер туындыларымен, Қазақстан халқының арғы ата-бабалары тастап кеткен дүниетанымымен таныстыру керек. Сұрақ: Яғни бұл конференция болашақта әр түрлі, жаңа археологиялық ескерткіштерді ашуға пайдасы зор демекшісіз бе? - Атап айтқанда осындай конференциялар тек пайдалы болып қана қоймайды, олар қажет. Бұл – бүкіл әлемдегі ғалымдар мен тарихшылар үшін қажетті жұмыс нысаны. Қазақстан ғылыми өнім және осындай конференцияларды ұйымдастыру деңгейінде өзін айтарлықтай өте жоғары дәрежеде көрсетуде. Бұл – халықаралық қоғамдастық пен тарихшылардың жалпы ойы. Сафар АШУРОВ – Әзірбайжан Ұлттық Академиясының археология және этнография институтының баспа және ғылыми байланыс секторының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты. Сұрақ: Өзіңіздің баяндамаңыз туралы қысқаша айтып бере аласыз ба? Сіз экспедицияға қатыстыңыз ба? - Иә, экспедицияға қатыстым. Бұл бір рет емес. Алғашқы конференциям бұдан 10 жыл бұрын болған. Сұрақ: Жалпы қорытындысы туралы айтып кетсеңіз? - Бұл менің Ақтау қаласына және Маңғыстау облысына кезекті сапарым болып табылады. Алғаш рет осы жерде Каспий өңірінің алғашқы конференциясына қатысқан болатынмын. Бұл бұдан 10 жыл бұрын болған. Келесі менің сапарым өткен жылы болды, халықаралық экспедицияға мамыр айында қатыстым. Осыдан кейін менде Әзірбайжан мен Маңғыстау облысының арасындағы байланыс туралы зерттеу мәселесі туындады. Атап айтсақ, мәдени құндылықтарды зерттеу болды. Осыған байланысты өткен жылы қыркүйек айында мен Әзірбайжанның бір қалашығында өз жұмысымды бастадым. Көптеген ұқсастықтар таптым. Мысалы, Әзірбайжанның табылған тарихи құндылықтар мен Маңғыстау облысында Қызылқала, Кетеқаладан табылған тарихи заттар, керамикалық материалдар бір-біріне өте ұқсас. Тіпті оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Олар – құмыралар, әр түрлі нысандағы ыдыстар т.б. Бұның өзі Әзірбайжан мен Маңғыстау облысында орта және темір дәуірлерінде бір-бірімен өте тығыз байланыста болғанын тағы бір рет дәлелдейді. Олар өзара теңіз жолдары арқылы байланыс ұстаған. Одан кейін мені таңғалдырғаны осы жерде көмілген ескерткіштерге ұқсас дүниелер Әзірбайжанда Апшерон түбегінде орналасқан және сол жерден табылған. Апшерон түбегінен басқа еш жерде табылмаған. Осының бәрі қола және темір дәуірінің кезеңінде әзірбайжандар мен Маңғыстау облысы халқының арасында тығыз байланыс болғанын дәлелдейді. Каспий теңізінің екі жағында орналасқан елдердің бір-біріне материалды және рухани түрде өте жақын екендігін білдіреді. Мен бүгін осы туралы баяндама жасадым. – Еділ мен Орал (Сарай, Сарайшық) өзендерінің сағасында пайда болған Джучидтердің саяси орталығы Еуразия арқылы шығыстан батысқа өтетін сауда жолдарымен неге бірігуге тура келгенін білдіреді. Моңғол әлемінің уақытында бірнеше сауда жолдары Хаджи-Тархан, Сарайшық, Дербент және Үргенішпен және Арал теңізінің оңтүстік жағалауымен бірге басқа да бекеттерді біріктіре отырып, Маңғыстау өңірін кесіп өтіп жүрді. Теңіз жолдары Каспий теңізі арқылы және оның жағалауымен Маңғышлақ түбегі мен Үстірт шоқысы арқылы жалғасып жатты. Ол жерде 40 күннен аспайтын Сарайшық пен Үргенішті тұтастырып отырған жербетілік жол керуен сарайының желі жүйесіне қосылып жатты. Осы барлық жолдар континент аралық хабарлау жүйесінің ең маңызды аумағын қалыптастырды және Маңғыстау Алтын Орданың саяси орталықтары мен Хорезм, сондай-ақ Орта және Шығыс Азия елдерінің арасындағы тұрақты алмасуды қамтамасыз етіп отырған көлік болды. Төменгі Поволжьені аралаған синхронды саяхатшылар көшпенділікпен айналысатын ұйымдастырушылықты әсерлі жеткізді. Оған тартылған көптеген адамдар саны, қалалықтарға ұқсайтын өзіндік қолайлы заттарымен жаппай лагерьлер және олардың адамдары мен тобымен бірге еріп келе жатқан үлкен жылжымалы базарлар. Сонымен қатар жылжымалы әкімшілік «Орда-Базар» – ақша сарайы, кеңсе хатшыларымен, есепшілері және таңдаулы күзетшілерімен бірге қазынашылықта болды. Көптеген тарихшылар монғолдық «орда» терминін хан сарайы және оның әскери ордасына теңестіреді. Алайда Джучидтердің кезінде бұл термин тереңірек және қиын мағынаға ие болды. Империялық қуаттылық шоғырланған әскер, сарай билеушінің негізін қалайтын азаматтар – үлкен лагерь. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы болмады. Маусымдық көшіп-қону тәртіпті талап етті. Көзбен көрген адамдар көшпенділердің лагерьлеріндегі таңғаларлық тәртіпті айтып берді. Хан ордасы оның әйелдерінің ордасынан бөлек орналасқан. Бектер де өздерінің меншікті көшпенді бағдарларымен жүрген. Өзім айтқандай менің баяндамамда Монғол әлемі туралы түсінікті қайтаратын уақыт келді. Зерттеулер бұл – контингенттік масштабтағы құбылыс екендігін белгіледі, – деді тарих ғылымдарының докторы, Оксфорд университетінің (Ұлыбритания) тарих факультетінің ғылыми қызметкері. Алтын Орда тарихы туралы ағылшын және француз тіліндегі көптеген мақалалар авторы Мари Фаверо-Думенжу. Ғалымдар Амал мерекесі қарсаңында Отпан тауға барып, ондағы сыр шертер дүниелермен танысатын болады. Конференцияның қорытындысымен ғылыми зерттеушілердің еңбектері жинақталып, кітап болып шығады деп күтілуде.***
Өткен жылғы экспедиция барысы
Маңғыстаудың ежелгі теңіз-порттары
«Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» кешенді экспедициясы барысында Ресей мемлекеттік әскери-теңіз флотының архивінде ізденіс жұмыстары жүргізілді. Архив қорынан Түпқараған мүйісіндегі маяк пен әскери казарманың, қойманың қолдан сызылған түпнұсқа суреттері (326 қ,. 2т, 2391 іс), А.Колодкин құрастырған Каспий теңізінің атласы (1331 қ, 3т, 35а іс) мен бас картасы көшірмеленді. Штурман А.Е.Колодкинге 1808 ж. Адмиралтейство департаментінен Каспий теңізінің толық атласын жасау тапсырылып, ол жұмыс 1809 жылы басталып, 1817 жылы аяқталады. Атлас әр түрлі масштабтағы 16 картадан және 2 бет жағалаулардың көріністерінен тұрады. Картада Каспий теңізінің солтүстік-шығыс және шығыс бөлігіндегі жерсу атаулары мен кеме тоқтайтын мүйістер мен айлақтар, құдықтар мен түбектен шығатын керуен жолдары көрсетілген.Маңғыстаудағы Үстірттің құдықтары
Құдық қазу – номадтардың әлемдік өркениеттің дамуына қосқан жаңалықтарының бірі. Маңғыстау құдықшыларының өнері – құпиясы мол, қыры мен сыры әлі ғылымға белгісіз құбылыс.Маңғыстаудың жер асты мешіттері
Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сұлтан Үпі, Масат ата, Бекет ата, жер асты мешіттерін салдырған «аталар» мен әулие-пірлердің сопылық мектебінен дәріс алып, рухани жолын жалғастырған өз заманының білімдарлары – қожалар, ахундар, ишандар, сұпылар болғаны сөзсіз. «Шағын жер асты мешіттері» – осындай рухани жалғастылықтың куәсі. Бұл мешіттер өте шағын, аса биік емес қыраттар мен жартастардан төмен қарай үңгіп, ойып, қашап жасалынған, шамамен XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы ширегі аралығында өз қызметін атқарған. Экспедиция барысында Сейдишан, Сегізәжі, Борлы-Торым, Аққорған, Аққу-Шөжікті, Қазанғап, Уәлі т.б сияқты шағын жер асты мешіттері, төбесі тесік табиғат ескерткіші алғаш рет зерттеу нысанына алынып, ғылыми айналымға ұсынылды. Неміс этнографы Рихард Карутцтің «Маңғыстаудағы қырғыздар (қазақтар) мен түрікмендер арасында» еңбегінде баяндалған Маңғыстау адайлары мен түрікмендердің салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігіне қатысты кейбір ерекшеліктердің қазіргі күнге дейін мәнін жоғалтпай сақталып жетуі этнографтар үшін құнды ғылыми дерек болды. Экспедиция мүшелері бұдан 118 жыл бұрын Р.Карутц болған, суретке түсірген орындарға барған.Зухра ӘБДІЛ-САТТАР