Бұрын бейәдеп жүрісті адамдар ғана тап болады деп жүрген АИТВ/ЖИТС қаупіне бүгінде сәби де ұшырап жатса да, таң қалмайтын жағдайдамыз. Қаласақ та, қаламасақ та, шындық — осы. Сондықтан ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының мамандары өз денсаулығына бейқам қарамайтын кез-келген адамның қан тапсырып, ағзасында бұл вирустың бар-жоғын анықтауы керектігін айтудан жалыққан емес. Егер вирус табылып жатса, оның таралуын тежейтін антиретровирустық терапия қолданылады. Дәргерлердің айтуынша, АИТВ — адамның иммун тапшылығының вирусы, бұл адамның қорғаныс қабілетінің тым әлсірегені дегенді білдіреді. Оны жұқтырғандар кез келген ауруға төзе алмайды. Ең азы, жеңіл-желпі салқын тиіп ауырған кезде де оларға да төтеп бере алмай жататындар бар. Алайда АИТВ үшін аса қауіптісі — туберкулез. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер туберкулездің белсенді дамуы АИТВ жұқпасы бар адамдарда бұл жұқпа жұқтырмағандардан 30-50 есе мүмкін екендігін көрсеткен. Оны өмірдің өзі растауда.
- АИТВ жұқтырып, қорғаныс қабілеті әлсіреген кезде туберкулез ауруы бас көтереді. Адам ағазсына екі инфекциямен күресудің оңай тимесі белгілі. Бізде өткен жылы 8 адам АИТВ және туберкулез диагнозымен тіркелген. Олардың барлығы ЖИТС орталығынан да, туберкулезге қарсы күрес диспансерінен де ем алып жүр. Бірден екі инфекция қатарласуы, яғни АИТВ және туберкулез диагнозы алғаш рет 2004 жылы қойылып, бұдан 14 науқас қайтыс болған еді. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында туберкулез жұқтырып алмау үшін алдын ала сақтандыру шаралары жүргізіледі. АИТВ тіркелгендер міндетті түрде жылына бір рет флюорографиядан өтеді, ал балаларға рентгенография жасалады,-дейді орталықтың фтизиатр дәрігері Амира Төлемісова.
Мамандардың сөздеріне сенсек, АИТВ жұқпасы асқынған сайын иммундық жүйе туберкулез микробактериясының таралуы мен артуын тежейтін қасиетінен айырылады. Осының салдарынан туберкулездің ауыр түрлері, шашыранды және туберкулездің өкпеден тыс түрлері пайда болатын көрінеді. Кей мәліметтерге қарағанда, әлемде АИТВмен туберкулез жұқтырғандардың жылына 200000-ға жуығы қайтыс болады. Ал туберкулезден дұрыс емделу үшін ауруды дер кезінде анықтау қажет. Ол үшін әркім өзі мен отбасының денсаулығына мұқият болғаны дұрыс.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА