Қазіргі таңда бұл республикалық байқауға қатысамын деп өтінім берген 40 маңғыстаулық бар. Аталмыш байқауға қатысуға ниеттілердің көп бөлігі – ауыл тұрғындары. Әр номинация бойынша 3 қатысушыдан таңдап алынып, олардың кандидатуралары Астанада қаралатын болады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте бұл туралы жобаның үйлестірушісі, Ақтау қаласы «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Ирина Беляева мәлім етті. Байқаудың басты мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту. Бұл – Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және «Хабар» агенттігінің бірлесе жүргізіп отырған бірден-бір байқауы. Республикалық байқауға әлеу меттік, қоғамдық мәселелерді шешуге және өздерінің жомарттығы мен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Айта кетейік, конкурсанттарды іріктеу жұмысы 2018 жылғы қарашадан бастап 2019 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде еліміздің барлық өңірінде жүргізіледі. Конкурс жеңімпаздарының есімдері ақпанның соңында – Алғыс айту күні мерекесінің қарсаңында белгілі болмақ. Лауреаттар бес номинация бойынша анықталады: «Асар» (номинация халықтың салтдәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған); «Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі); «Мейірім жолында» (аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады); «Батыл жүрек» (номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады); «Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі). Конкурсқа кәсіпкерлік субъектілері және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) қатыстырылмайды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ