©
Отыз жылдан астам уақыттан бері күні кешеге дейін АИТВ инфекциясын тек нашақорлар мен тәнін саудалайтын жеңіл жүрісті әйелдер таратады деп саналатын. Бүгінде бұл түсінік өзгерді. Тәуір қызметі бар, әлеуметтік жағдайы жақсы, ешқандай күмән тудырмайтын адамдар арасынан да АИТВ тіркеліп жатыр. Бұл, әсіресе, 20-49 жастағы жас адамдардан табылып жатқаны өкінішті. Вирус тіркелгендер көрсеткішінің 92,0% осы жастағы азаматтарға тиесілі болып отыр. Статистикаға жүгінсек, Маңғыстау облысында иммун тапшылығы вирусы инфекциясын 2018 жылы 52 адам жұқтырған. Яғни, былтырмен салыстырғанда 11 адам артық. Вирус жұқтырғандардың 7-уі — шетелдік. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Жамила Махамбетқалиеваның айтуынша, жұқпа Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданында ғана тіркелмеген. - АИТВ-мен тіркелгендердің 63,0% Ақтау қаласының еншісінді, - деді ол. - Вирусты әйелдерге қарағанда, ер адамдардың жұқтыруы 3 еседей көп. Ал тіркелгендердің әлеуметтік жағдайын салыстырар болсақ, бұлардың 65,0% жұмыс істеп жүргендер. Олардың барлығына тестке дейінгі және кейінгі кеңестер беріліп, құқығы мен міндеттері түсіндірілді, жақын қарым-қатынастағы адамдар да тексеруден өткізілді. ҚР АИТВ жұқтырған азаматтары ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығына диспансерлік тіркеуге алынып, тегін антиретровирустік терапиямен емделуде. Біздің еліміз АИТВ инфекциясы бақылауға алынған елдер қатарында. Қазақстанда вирусты бақылайтын антиретровирустік терапия бар. Алайда АИТВ-ға қарсы тиімді вакцина мен вирусті толық жоятын дәрі-дәрмектер әзірше табыла қойған жоқ. Сондықтан әр адам өз денсаулығына мұқият қарап, өз жағдайын біліп жүруі керек. Ол үшін Ақтау қаласындағы 3 шағынауданда 170-ші ғимаратта орналасқан орталыққа келіп, өз еркімен, қажет болса, анонимді түрде, АИТВ тестілеуден өте алады. Сенім телефоны — 50-40-49. Сайтымыз www.antispid.kz.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА