Маңғыстауға іссапармен келген Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламентінің депутаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Аманжолова облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында медицина мекемелерінің басшыларымен кездесті. Іссапарының мақсаты облыстың денсаулық сақтау саласының, соның ішінде щалғай ауылдардағы медициналық көмек сапасының қандай екенін көріп, бар проблемаларды шешуге көмектесу және заңдарды түсіндіру екендігін айтқан ол халықтың дәрігерлерге үмітпен қарайтынын атап өтті. - Халықтың сыны да көп, сұрауы да көп, біздерге тағатын міні де көп, - деді ол. - Өйткені денсаулық сақтау саласының халыққа берері де көп. Алланың пендесі болсақ та, «Бірінші құдай, одан соң дәрігер» дейтін халқымыз біздерді Құдайға бір қадам жақынырақ көретіні шын. Денсаулық сақтау саласында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, 2018 жылдың ортасынан бастап дәрі-дәрмекті көтерме бағамен сатып алу жүйесін жаңғырту арқылы біраз қаржы үнемделді. 8 қаңтар күні Президентіміз дәрі-дәрмек бойынша заң жобасына қол қойды. Заң бекітілді. Бірақ бұл заң жобасы 3 айдан кейін күшіне енеді. Елбасы тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмектің бөлшек саудадағы бағасы бір жүйеге келетін болады. Қазір елімізде 10 мыңға жуық дәрі-дәрмек айналымда. Сол дәрі-дәрмектердің шекті бағасын қою оңай болып жатқан жоқ. Дәріханалардың барлығы жекеменшік болғандықтан бағаны өздері қояды, оларды заңсыз тексере алмаймыз. Шекті баға көтерме сатып алуда болады. Мысалы, бір дәрінің 4-5 мемлекетте қандай бағаға сатылатынын біліп, шекті бағаны солардың арасынан таңдап алуымыз керек. Одан кейін кеден арқылы елге кірген кезде шекті баға қоюдың екінші кезеңі келеді. Үшінші кезеңі — бүкіл кепілдендірілген көмек көрсететін медициналық көмек үшін сатып алынатын дәрі-дәрмектің шекті бағасы. Түсінікті болуы үшін мысалға аспиринді алайықшы. Қазақстаннан шығатын аспирин 400 теңгеден жоғары болмауы керек делік. Ал Ресейде шыққан аспирин 500 теңгеден жоғары болмауы керек дейік, Еуропаныкі 700 теңге болсын, Американың аспирині 1000 теңге десек, осы бағалардан аспауы керек. Шекті баға дегеніміз осы. Олардың бағасына қосылатын пайыздық үстеме де әр түрлі. Мысалы, бір ампуласы 100000 теңге тұратын дәрілер де бар. Егер бұған пайыз көп қосылса, мұның бағасы мүлдем шарықтап кетер еді. Сондықтан бағаларды реттеуді жұмыс тобында талқылап, жан-жақты қарастырып, бағасы қымбат дәрі-дәрмектерге қосылатын үстеме қымбаттаған сайын азаюы керек деген шешімге келдік. Заңдағы үлкен жетістігіміздің бірі — осы. Осы заң жүзеге асуы үшін жергілікті халық бізге көмектесуі керек. Әйтпесе, біз дәрілердің қандай бағада сатылып жатқанын біле алмаймыз. Мысалы, дәрі-дәрмектіердің бағасын қарайтын терминал қалаларда ғана болады. Ал ауылдық жерлерде болмайды, бірақ прейскуранттары болуы тиіс. Сатып алушылар дәрінің бағасына күмәні болса, прейскурантты сұрап, шекті бағасын білуге құқы бар. Мысалы аспирин 450 теңгеден сатылып жатқан болса, яғни шекті бағасынан қымбат сатылып жатқан болса, фармация комитетіне хабарласуы керек. Егер шекті бағадан артық сатылғаны расталса, онда сол дәріханаға айыппұл салынады. Екінші рет қайталанса, 6 айға дейін лицензиясынан айрылады. Заңда осы мәселелер қарастырылған. Сондай-ақ Зәуреш Жұманәліқызы кейбір емдеу мекемелерінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті аясына берілетін дәрі-дәрмектің әліге дейін жоқ екенін айтып өтті. - Бұл — жыл сайынғы проблема, - деді З.Аманжолова. - Былтыр тіптен ауыр болғанын жасырып қайтеміз. - Наурыз айына дейін қиыншылық болатын. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйек-қазан айларында тендер өткізді. Биыл ақпаннан бастап дәрі-дәрмек болуы керек деп отырмыз. Бұл жағдай дәрігерге баланысты болмаса да халық ашуын дәрігерден алады. Ел Президенті 4 қаңтар күні қол қойған «Денсаулық сақтау саласының кейбір заңдылық актілеріне өзгертулер мен түзетулер енгізутуралы» Заңда кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа моделін құру көрсетілген. 2020 жылдан бастап әлеуметтік медициналық сқатандыру жүйесіне көшкелі отырмыз. Соған орай жекеменшік медициналық мекемелердің дамуына жол беріліп отыр. Ол да бәсекелес орта, кемшіліктерім ен қатар жетістіктері де бар. Олардың көпшілігі ӘМСпен жұмыс атқаруға белсене кірсіп жатыр. Олар бірақ бір кезек көмек көрсетеді, учаскелік принцип жоқ. Депутат медициналық білім саласындағы маңызды мәселелерге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кейбір жоғары оқу орындарында медицина факультеттерінің ашылуы қисынға келмейді. Қазір осы мәселе де жан-жақты талқыланып жатыр. - Медициналық білім алу дегеніміз бүкіл дүние жүзі бойынша өте көп уақыт алатын және қымбат тұратын білім, - деді депутат. - Әр университеттің клиникасы болуы керек. Бүгінде Солтүстік Қазақстан, Көкшетау мемлекеттік университеттері медицина факультетін ашып отыр. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бұл факультетті ашқанына 3 жылдан асты. Олар қазір Алматыдағы №1 аурухананы университеттік клиника қылып алайын деп жатыр. Бұл дұрыс шығар. Бірақ аймақтардағы облыстық ауруханалар университеттік клиника бола алмайды. Университеттік клиника өте жоғары деңгейде, жоғары технологиялы көмек көрсететін емдеу мекемесі болуы керек. Алматыда хирургия, акушерлік және гинекология, фтизиатрия орталықтары — Асфендияров атындағы университетінің клиникалары. Сонықтан медицина факультетін ашуға әртүрлі көзқарастар бар. Өз басым оған дәрігер ретінде де, депутат ретінде де қарсымын. Қазақстанға 5 медицина уинверситеті мен 2 жекенменшік медициналық оқу орыны жеткілікті. Қазір ЖОО орындарынан бастапқы медициналық көмек көрсететін мекмелерге 2389 дәрігер керек. Кадр тапшылығы ең алдымен, анестезиология-реаниматология, психиатрия, терапия, акушер-гинекология салаларында сезіледі. Осы 7 университеттен жылына 7890 түлек шығады екен. Сонда бізге неге маман жетпейді? Себебі мамандардың 30-34 пайызы 2-3 жыл жұмыс істеген соң саладан кетіп қалады. Оның бірінші себебі — жалақының аздығы. Жергілікті әкімдіктер жағдайларын жасап жатқанына қарамастан осылай болып тұр. Әкімдердің грантымен оқығандары да бар. Сонда да жетпейді. Сонда медицина факультеттерінде қандай сапа болады? Медициналық университеттердің өздерінің сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Аға буын дәргерлер 6 жыл университетте, 3-4 жыл резидентура оқыған жастардың осы салада қалуына себепкер болуы керек. Оларды мамандығына баулып, тәжірибемізден үйретіп отырайық. Бүгінгі күннің басты мәселесі болып тұрған онкология тақырыбында да әңгіме қозғаған депутат дәрігер маңғыстаулық әріптестерінің сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарын өз ортасына жеткізетініне сендірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА