©
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Маңғыстау облысы бойынша филиалы 2018 жылдың басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 16 миллиард теңгеден астам қаржы төледі.
- 7 қарашадағы мәлімет бойынша, қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 16,9 миллиард теңге төленді, - деді филиал директоры Руслан Бектубаев. - Бұл жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) аясында бекітілген келісімшарт сомасының 72,6 пайызы.
Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады. Қор емдеу мекемелерімен мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 23,4 миллиард теңге.
Руслан Фаризунұлының айтуынша, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.
Бүгінде қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 55 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 26-ы – жеке меншік. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 10-ға артқан. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы 1,5 есе өсіп, 2,2 миллиард теңгеге жетіп отыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА