Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасында «Дұрыс тамақтану дағдыларын үйрету» және «Омырау сүті» тақырыптарына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Қазақ тағамтану академиясының бас маманы, ҚазҰМУ тамақтану кафедрасының меңгерушісі Майгүл Қайнарбаева «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде салауатты өмір салтын қалыптастырудың түрлі аспектілері бойынша халықты ақпараттандыруды арттыру бойынша шараларды кешенін жүзеге асыру аясында «Денсаулық сақтау саласының дағдыларын дамыту» тақырыбында екі семинар-тренинг өткізгенін айтты.
«Дұрыс тамақтану дағдыларын үйрету» деп аталатын бірінші семинар-тренингке өңіріміздің жалпы орта білім беретін мектептері мен емханаларының медициналық қызметкерлері қатысқан.
- Бүгінгі таңда нарыққа байланысты зиянды өнімдер көбейіп кеткендіктен дұрыс тамақтану мәселесі өткір болып тұр, - деді Майгүл Сейдуллақызы. - Азық-түліктер түрінің көбеюі, құрамдарының өзгеруі, керек десеңіз, кейбір тағамдардың дайындау технологияларының да өзгеріске ұшырауы көптеген аурулардың туындауына себепші. Әсіресе, балалар мен жастар дұрыс тамақтанбау немесе талғамсыз тамақтану салдарынан денсаулықтарын бұзып алып жүр. Қазір әлем бойынша, соның ішінде біздің елімізде де артық салмақ, яғни, семіздік ауруы өте өзекті болып тұрғаны шындық. Соңғы жылдары қант диебеті, жүрек-қан тамырлары аурулары бүкіл әлемде, Қазақстанда да егде жастағылармен қатар балалар мен жастар арасында кеңінен тарап жатыр. Егер әр отбасы, әр адам дұрыс тамақтанатын болса, мұндай қатерлі аурулардың алдын алуға болатын еді. Өзінің және перзенттерінің денсаулығына бей-жай қарамайтын адамдар тамақтанудың қарапайым ережерелерін сақтап, күнделікті дастархан мәзіріне мұқият назар аударып отыруы керек.
Сондай-ақ Майгүл Қайнарбаева ауырып, түрлі химиялық заттардан жасалған дәрі-дәрмектермен емделгеннен гөрі деннің саулығына пайдалы деген табиғи тағамдарды тұтынудың артықшылықтары жайында әңгімеледі. Мысалы, қайнап піскен ет темірге бай болғандықтан оны көп жеген адамдарда қан аздық ауруы сирек кездеседі. Ал балық еті жеңіл, сіңімді, оңай қорытылатын әрі ағзаны йодпен байытуға септігі мол. Негізінен мал етін жеңкірейтін қандастарымыздың көпшілігінде йод жетіспейтіндіктен ұн, тұз сияқты азықтарды йодпен байыту әдісі жолға қойылды.
Маңғыстау облыстық ауруханасында болған «Омырау сүті» тақырыбындағы екінші семинар-тренингке мектептерге бекітілген медицина қызметкерлері, аурухана дәрігерлері мен медбикелер қатысты. Басқосуда баланы ана сүтімен қалай қоректендіру керектігі егжей-тегжейлі әңгіме болды. Емізулі сәби ағзасына қажетті темірдің 90 пайызын ана сүтінен алатын көрінеді.
Баспасөз мәслихатына қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Ғалым Алтураев басқармада қоғамдық денсаулық сақтау бөлімі ашылғанын жеткізіп, осы бөлімнің аурудың алдын алумен айналысатынын айтты.
Журналистер мамандардан тақырыпқа сай сауалдарына жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА