Жақында «Нұрлы әлем» баспасынан филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасының доценті Гүлжамал Қортабаеваның «Маңғыстау деген – ақ шағыл менен аппақ нұр» атты 17,5 баспатабақтық кітабы 500 данамен жарық көрді.
Гүлжамал Қыдырбайқызы – студент, магистрант, докторанттарға дәріс бере жүріп, 100-ден астам ғылыми мақалалары Қазақстан, Қырғызстан, Чехия, Жапония, Түркия, Индия елдерінде жарық көрген талапты ғалым.
Оның 2013 жылы «Қазақ ономастикасы: поэтонимдердің этнолингвистикалық сипаты» монографиясы, 2016 жылы «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» оқулығы жарық көрген.
«Түркітану» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларының авторы Гүлжамал Түркия ғылым және білім министрлігінің, Түркия елшілігінің алғыс хатымен марапатталған.
Аталмыш кітапқа автордың Маңғыстау өңірінің тарихы, шежіресі, әдеби мұрасы, шешендік сөздері, аңыз-мифтері, әулиелері, ақындары, батырлары т.б. бір ауыз сөзімен елдің есінде қалған тұлғалары туралы оқырманға қысқаша түсінік-мәлімет беретін зерттеу еңбектері енген.
«Белгілі бір тарихи дәуірлер мен кезеңдер, түрлі оқиғалар аймақтық мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің қалыптасуына өзіндік әсерін тигізді. Өйткені жергілікті халық тіліндегі паремиялар мен фразеологизмдер – талай тарихи жағдаяттардың сырын өз бойына сақтап қалған сөз өрнектері» деп кітаптың алғысөзінде автордың өзі түсінік бергендей, аталмыш еңбек ұзақ жылдарғы зерттеу-жинақтаудан туған танымдық тағылымы мол дүние дер едік.
Негізінен Адай ұлысына қатысты қанатты сөздерге, тұрақты тіркестерге назар аударған автор сонымен бірге Маңғыстау тарихынан да біраз деректі мәліметтерді жинақтаған.
Киелі өлкемізден түлеп ұшқан ғалымға «Жазар көбейсін, қаламыңыз суымасын!» демекпіз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ