Екі айдан бері елімізде емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Қыркүйектің 15-де басталған науқан 15-қарашада аяқталады. Ондағы мақсат — азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингке қатысқан №1 Ақтау қалалық емханасының директоры Ізболсын Көлбаев, №2 Ақтау қалалық емханасы директорының орынбасары Айжан Нурллина, «Сеним» ЖШС директоры Мұзафар Маштақов осы мәселе жайында әңгімеледі.
Мамандардың айтуынша, азаматтар емханаларға үш түрлі жолмен тіркеле алады. Яғни, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал, egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырады. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да тіркелуге болады. Ал 18 жасқа толмағандар өзінің жеке құжаты және заңды өкілі арқылы тіркеледі.
15 қарашаға дейін әр тұрғын тұрақты немесе уақытша тұратын жеріне жақын емханаға қалауы бойынша еркін тіркеле алады және қалаған маманды (учаскелік терапевт, педиатр, жалпы тәжірибелі дәрігер) таңдауға мүмкіндігі бар. Осы мерзімге дейін емханаағ тіркелмеген тұрғындар бұрынғы тіркелген емханада тіркеліп қала береді.
Емханаға тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтардың үйіне медицина қызметкері арнайы барған кезде сол үйден табылмағаны үшін оларды емханадағы тіркеуден шығарып тастау туралы айтылып жүрген әңгіме—негізсіз қауесет. Алайда өзі тұратын аумақтағы емханаға тіркелмеген адамдарға арақашықтықтың алшақтығына орай үйден медициналық қызмет көрсетілмейді. «Сеним» ЖШС жекеменшік клиника болғанымен, тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемі аясында негізінен жаңа шағын аудандарға медициналық қызмет көрсететін емханалардың бірі. Мамандармен қамтылған. Тұрғындар емханадағы тегін көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін білуі тиіс.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА