Азаматтардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды проблемаларының бірі – әлеуметтік мақсаттағы нысандардың өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз ету. Тұрғындардың көптеп жиналатын орындарының бірі – аурухана. Әлеуметтік нысандардың ықтимал қауіп-қатерін ескере отырып, Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының қызметкерлері Маңғыстау облыстық ауруханасында «Денсаулық сақтау нысандарындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында нұсқаулық шараларын өткізді.
Жиынға 80 аурухана қызметкері қатысты. Медицина қызметкерлеріне облыстық аурухана ғимаратын өртке қарсы қорғау шаралары, өрт пайда болған кезде қолданылатын іс-әрекеттер, сонымен қатар алғашқы өрт сөндіру құралдары мен ішкі өртке қарсы сутартқышты пайдалану тәртіптері көрсетілді.
Шарада аурухана қызметкерлеріне мамандар қауіпсіздік ережелерін айтып берді. Өрт туындаған жағдайда ақ халаттылар ең алдымен адамдардың өмірін аман алып қалуды мақсат етуі қажет. Науқастарды сыртқа шығару кезінде аса сабырлық сақтап, кетіп бара жатып барлық терезелер мен есіктердің жабылуын қадағалау аса маңызды болып табылады. Себебі желдің ұйытқуынан от тез тұтанып, жану қаупі көбейеді.
- Өрттің туындағаны жөніндегі ақпаратты басқаларға тарату да аурухана қызметкерінің міндетіне кіреді. Қауіпсіз орынға эвакуацияланған адамдарды санап, науқастардың тізімдерімен салыстырып тексеру керек. Медициналық қызметкерлер өрт сөндіру бөлімшелері қызметкерлерін қарсы алып, орын алған келеңсіз жайтты баяндауы тиіс, – деді өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының қызметкері.
Өрт кезіндегі денсаулық сақтау нысандар жұмысының тұрақтылығын жоғарылату бойынша іс-шаралардың алдын алу, өрт қауіпсіздік жоспарларын, төтенше жағдайлар кезіндегі емдеу-профилактикалық мекеменің іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу төтенше жағдайлар салдарын жұмсартып, тәуекелді едәуір төмендетеді.
- Кез келген төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дереу құтқару қызметіне, «101» немесе «112» нөміріне хабарлаңыздар, – деп атап өтті Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының ин женері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Рахымжан Наурызов.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР