Жақында ғана жұртшылыққа дем беріп, дауылдан кейінгі тыныштық секілді баяу өмір ырғағымен аяңдап келе қоғамды серпілтіп, жас буынды қамшылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жария болғаны әмбеге аян. Елдің ертеңіне бір кісідей толғаныс танытқан қоғам белсенділерін мақала өзегі бей-жай қалдырмады. Басын топқа салған кез-келген зиялының оң пікіріне ие болған мақаланың ең басты айтары – «Рухани жаңғыруды» халыққа түсінікті етіп, дағдарып тұрған тұсымызды, ұлттық рухымызды өркендетіп, тарихқа жаныңдай бажайлап қарау.
Әлқисса, айтар сөздің ақиқаты керек, қазақтың бүркеулі жатқан тарихын алашордалықтар, одан бері талай дүлділдер, кешегі Серікбол Қондыбай, Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбек сынды ғалымдар кемшіл жерін толтырып, дәлелдермен ашып бергенімен, халыққа ақпар толық жетпей жатқан еді… Сол ұлы тұлғаларды тіреу етіп, кітап бетінде құмыққан үнін елге жеткізген Елбасыға мың алғыс, тек айтар сөз айтылды демей, іс жүзінде жұмыс атқарар орындаушы тарап белін бекем байлап кіріссе деген тілек.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов та мақала мәнінде сарнап жатқан кең Маңғыстаудың жастары осы алқалы сөзден құлағдар болып, іргемізді бекіткелі мақсатпен Ш.Есенов атындағы университет студенттеріне оқытушылар қауымымен кездесу өткізу керегін айтқан еді. Осыған орай, айтулы мақаланы жан-жақты талдап, алдағы жоспарларды сүзбеден өткізіп, жастар белсенділігін арттыру мақсатында профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттердің қатысуымен конференция өткізілді. Бір ғана сала аясында қалып қоймай, кеңінен талқылау үшін конференцияға «Геология» кафедрасының меңгерушісі М.Табылғанов, «Теңіз академиясының» профессоры Ж.Жұмаев, «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының аға оқытушысы А.Құлбаева, «Халықаралық қатынастар» кафедрасының аға оқытушысы Р.Ережепова, «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі А.Отарова және университет ректорының міндетін атқарушы Е.Нұрмағанбет қатысып, өз кезектерінде сөз алып, мақаланың әр қырына жеке тоқталды. Сәтінде жас та болса бас болып жүрген жастар легі өз ойларын ортаға салып, сырттай қараған бізді де сүйсінтті.
Түйіндей келе айтарымыз, соңғы онжылдықта жаһанданудың жалына жармасып жүріп түп қазығымыз тарихты ұмытуға болмайтынын, кешегіні ұмытқан адам, ертеңіне қадам баспасын уақыт ұқтырды. Болмысты ұлттық тұрғыдан қалап, еңсені ел алдында биік ұстаудың жолы – тарихты тану, шын тарихты. Әлі де ашылмай жатқан сырларды аңғарып, өткеннің еншісінде кеткен есеңді білім толтырары белгілі. Олай болса бұл конференцияның студент-жастар арасында кеңінен ұйымдастырылуы тегіннен емес.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66182,66181,66183"]