ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта мамандармен және АИТВ-мен өмір сүретін науқастармен «Пациенттер мектебін құру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. «90-90-90» стратегиясын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған бұл шараға медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы жұқпалы аурулар дерматологиясы ғылыми орталығының инфекционист дәрігері Гүлжахан Ахметова арнайы келіп, қатысты.
- Дөңгелек үстелдің мақсаты — тұрғындарды АИТВ-ден тестілеуді одан әрі жалғастыру, - деді басқосуды ашып, жүргізіп отырған орталық басшысы Алмабек Бисен. - Яғни тұрғындардың 90% өзінің АИТВ-ға қатысын білетін болады. АИТВ бар пациенттердің 90 пайызына антиретровирустық терапия ұсынылады. Сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретіндердің АРТ (антиретровирустық терапия) қабылдап жүргендерінің вирус ауыртпашылығын басуға мүмкіндік туады. Дегенмен АИТВ-мен өмір сүретін науқастарды АИТВ/ЖИТС-ң көкейкесті мәселелерімен таныстырып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға тарту арқылы емнің тиімділігін арттыру, өздері қоғам құрып, өзара пікір алмасуына жағдай жасау да біз көздеген мақсаттардың бірі.
Жиналысқа қатысушылар АИТВ-мен өмір сүретін науқастарды «Тең теңімен» принципі бойынша жұмысқа тарту, «Пациенттер мектебін құру», уыттылығы төмен және резистентті орнықтылығы жоғары дәрі-дәрмектермен қамту және басқа өзекті мәселелерді талқылап, ойларын ортаға салды.
Басқосу барысында құрылған «Пациенттер мектебіне» енген пациенттер сол күні-ақ өзара чат ашып, ортақ мәселелерін талқылауға кірісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА