Ақтау қаласында Маңғыстау журналистерінің көшбасшысы, еңбек ардагері, қоғам қайраткері, ел ақсақалы Дүйсембі Әріповтің 85 жасымен орайластырылған «Өмір жолы» және «Халық даналығы» кітаптарының тұсаукесері өтті. Мерейтойға облыс басшысы Ералы Тоғжанов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, ағайын-туыстары, балалары қатысты.
Зейнетке шыққалы ел шежіресі, замандастары туралы толымды еңбектер жазуды қолға алған ақсақалдың мерейтойы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың құттықтау сөзімен ашылды.
- Тұсаукесерді Дүйсекеңнің туған күніне дүйсенбі күніне белгілеп өткізіп отырмыз. Кітабын дайындап жатыр дегесін кітабын күтейік дедік. Дүйсембі аға, той құтты болсын! Сіздер сияқты сүйегі асыл, жастарға үлгі азаматтар бар кезде еліміздің рухы да, намысы да, болашағы да биік болады деп айтуға ешқандай күмән жоқ қой деп ойлаймын. Қадірлі ағайын, бүгін ортамызға ақпарат министрі Дәурен Әскербекұлы арнайы келіп қатысып отыр, – деп астаналық қонаққа сөз берді.
Құттықтау сөз кезегін алған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев:
- Қадірлі қауым, қадірменді Дүйсембі аға! Сізді елге танымал журналист ретінде жақсы білеміз, қатты құрметтейміз, сыйлаймыз. Бүгін екі кітаптың тұсаукесеріне қатысып отырмыз. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосады деп сенеміз. Денсаулығыңыз мықты болсын! Тұсаукесерлер жалғасты болсын! Құрметті маңғыстаулықтар! Бүгін Қазақстанда пилоттық жоба ретінде тұңғыш рет цифрлық телевиденияның тұсауы кесілді. Енді Маңғыстау облысы бірінші болып цифрлық телерадио хабарын облыс орталығында – 30, шалғай ауылдарда 15 отандық телеарнаны өте жоғары сапада тегін көре алады, – деді.
Тұсаукесер рәсімін жасау үшін ортаға республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтуар Өтегенов шығып, құттықтау сөз сөйледі.
Өмірзақ Озғанбаев: - Құрметті ағайындар! Асыл аға, абзал аға, Дүйсеке! 85 жасыңызды халқыңыз жиналып, Ералы Лұқпанұлы бас болып, өзіңізді құттықтауға келіп тұр. Сіз бізге абзал аға, көп азаматтарға ұстаз болдыңыз. Көп мұраларды халыққа қалдырдыңыз. Санамалап айтар болсам, «Маңғыстау» энциклопедиясына сіздің сіңірген еңбегіңіз – Әбіш ағамен бірге ұрпақтың есінде қалатын, ұмытылмайтын шаруа.
Бейнеу ауданын басқарған жылдардағы халық үшін атқарған еңбегіңіз – өмір жолыңыздағы үлкен белес. Ержан хазіреттің артына қалдырған мұраларын ұзақ уақыт жинап, зерттеп, халықтың жадына сіңіруге бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатырсыз. Қазығұрт тауына барып, қасиетті Мұңал ошақты іздедіңіз.
Сіз – Маңғыстау тарихының жылнамашысыз. Өлке тарихының көп беттерінің анығын ашқан, осы өлкедегі Адай көтерілісі туралы жинақты шығаруға қаншама еңбек еттіңіз. Өмір бойы оқумен, тоқумен келе жатырсыз. Соның арқасында сіздің қаламыңыздан тағылымы мол еңбектер туындады, қаншама кітаптар шықты.
Сіздің кітап оқу әдісіңіз, стиліңіз, әр бетті сызып, оны бөлек қағазға жазып алып, оқуыңыз – таңқаларлық іс. Маңғыстау мектептеріндегі оқушыларды сіздің кітап оқу стиліңізді үйрету арқылы насихаттасақ деп ұсыныс жасағанмын. Бұл бағытта талай жұмыстар жасалды. Елдің бірлігін, болашағын ойладыңыз.
Дүйсеке, жүз деп аталатын биікке қарата тарта беріңіз!
Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл мұралары жинақталған екен. Бұны аға айтпаса, бүгінгі компьютердің алдында отырған бала қайдан біледі? Біз сіздің алдыңызда бас иеміз. Әрдайым алдымызда Дүйсекең болсын! Отбасыңызбен бірге аман болыңыз, өмір жалғаса берсін! – деп бітірді сөзін Өмекең.
Бұдан соң облыс әкімі атынан той иесі Дүйсембі ағамызға қал шапан жабылды.
Құттықтау кезегін алған Зейнолла Алшымбаев: – Құрметті жиналған қауым! «Қызыл барқыт кітаптың берері мол» деп мақала жазып, ол облыстық газетке басылып шыққан. Осы өлкенің тарихын біз осындай ақсақалдардың жазбаларынан білеміз. Осы кітапта көптеген естеліктер бар. «Өмір жолы» – мемуарлық жанрда жазылған тағылымы мол кітап. Жасыңыз ұзақ болғай. Айығып кетіңіз! – деді.
Өз кезегінде ақын Айтуар Өтегенов: - Мені Маңғыстауға алып келген сіз едіңіз. Алып келіп қоймай, Маңғыстау шежіресін зерттеуге, творчествома шалқар шабыт бергенсіз. Дүйсеке, сізге денсаулық тілеймін, – деп мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқыды. Ақынның: «Маңғыстаудың маң даласы секілді, Ұғынғанға өн бойыңыз парасат... Кейде ұрсар, кейде сипар маңдайдан, Керек бізге өзіңіздей жақсы аға» деген сөздері қатысқан көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басқандай болды.
Мерейтой иесін құттықтау тілек одан әрі жалғасын тауып, ардагер ақсақал Тергеу Айдарханов «Дүйсембі аға 85 жаста» өлеңін оқып, «Жүре бер ортамызда кітап жазып, Толысқан айы болып осы елдің!» – деп бітірді өз құттықтауын.
Еңбек ардагері, ардагер ұстаз Қойлыбай Қаражанов мерейтой иесінің өзіне туыстық жағынан аға болып келетінін айтып, оның елге сіңірген еңбегіне қысқаша тоқтала келе, шараны ұйымдастырған облыс, қала әкімдігіне алғыс тілегін білдірді.
- Дүйсекең идеология жұмыстарының басшысы болды. Принципшіл, талапшыл, азаматты тани білетін, сол ісіне қарай бағалай білетін аға, – деп аяқтады Қойлекең құттықтау сөзін.
Одан соң тілек айтқан ардагер ақсақал Бектұр Төлеуғалиев: - Құрметті Дүйсеке, 85 жасыңыз құтты болсын! Қамшы сабындай қысқа өмірде әр адамның артында жол қалады. Кейбірінің артында бұралаң, кейбірінің артында сара жол қалады дейді. Сіздің артыңыз да үлкен сара жол қалып отыр. Тұщықұдық өңірінен көптеген азаматтар шықты. Сол Тұщықұдықтан шыққан азаматтың бірі өзіңіз. Ауыл шаруашылығын, қоғамды, әдебиетті дамытуға үлес қосып жүрген азаматсыз. Дүйсекең сияқты ағаларыңызды сыйлап, құрметтеп, мынадай үлкен мереке жасап, халықтың алдында құрмет көрсеткеніңіз үшін халық атынан рақмет айтам, – деп қала, облыс әкімдігіне алғыс айтты.
Құттықтау кезегіне ие болған ұзақ жылдар облыстың басқару орындарында қызмет еткен Ғани Карин Дүйсекеңнің жақсы қасиеттерін айта келе, онымен біраз жылдар жұмыстас болғанын, ақ сақалдың өзінен жасы кіші адамдарға сіз деп сөйлейтін кішіпейілдігін ерекше атап өтті.
Аудан, облыс басшылығында қызмет атқарған ардагер Сақып Керелбаев Дүйсекеңмен қызметтес болған кезінде оның кітапқа құмарлығын, ұқыптылығының күштілігін айта келіп, ақсақалға жинағын музейге тапсыруға ұсыныс жасады.
Одан соң Дүйсембі Әріповтің туған апасы Марқаш інісін сыйлап, тойға келген ел азаматтарына алғыс білдіріп: - «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дейді, қарағым 85 жасың құтты болғай! Халқыңа қалаулы, еліңе елеулі болдың. Аманшылық болсын! – деген тілек айтты.
Той иесінің інісі, «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, ақын Ғалым Әріп: - Біздің тойымыз дей алмаймыз. Себебі Дүйсекең – тек біздің ағамыз емес, елдің азаматы, ел ағасы, – деп тойды өткізіп отырған облыс, қала әкімдігіне тумаластары атынан алғыс айтты.
Тойдың жөн-жоралғысы, қонақ сыйлаған халық ретінде құрметті қонақтар Ералы Тоғжанов пен Дәурен Абаевтың иығына ата салтымен шапан жапты.
Мерейтой барысында Бейнеу ауданынан арнайы келіп, мерекеге қатысқан еңбек ардагері Сұлтан Жаңбыров, аудан әкімінің орынбасары Үміт Әмірханова аудан жұртшылығы атынан той иесін құттықтап, иығына шапан жауып, ат мінгізді.
Жоламан Бошалақ Дүйсекеңнің Маңғыстаудан бірінші Журналистер одағының мүшелігіне өткен қаламгер екенін, Әбіш Кекілбаев секілді кемеңгерге сабақ бергені мен, «Әбіштің ұстазы – Халық» деп, шәкіртінің мәртебесін әрдайым жоғары көтерумен жүретінін айтса, кәсіби журналшы, Ақтау қаласының құрметті азаматы Мейрамбай Қибасов: «Халыққа ең жақын жүрген әкім ретінде Маңғыстау тарихында Ералы Лұқпанұлының аты үлкен әріптермен жазылып қалатынына менің көзім жетеді» - деп, тойды ұйымдастырған облыс басшысының атына мақтау айтты.
Мереке барысында облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, көпшілік қошеметіне бөленді.
Сонымен «Рухани жаңғыру» аясында тағы бір торқалы той, тағылымды тұсаукесер өтті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64322,64323,64321,64324"]