Тамыз айында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының сайлау алды бағдарламасының «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша құрылған комиссия мүшелері Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында болып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетудің, диагноз қою мен емдеу үдерістерінде жоғары технологиялық әдістерді қолданудың бүгінгі жай-күйін анықтау мақсатында мониторинг жүргізген еді. Осы жұмыс барысында аурухана басшыларына ескерту жасалған болатын.
Жақында комиссия мүшелері облыстық балалар ауруханасына екінші рет барып, өткен айда жасалған ескертулерге қатысты қолданылған шаралармен танысты. Мониторингке «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша құрылған комиссия мүшелері, атап айтқанда, комиссия жетекшісі Аббат Өрісбаев, Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Жармаева, облыстық мәслихат депутаты Мереке Дүйсенбаев, «Интертич» медициналық орталығының Маңғыстау облыстық филиалы бас директорының орынбасары Сағыныш Төралиев және «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері қатысты.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Кәмшат Тұрсынбекова комиссия мүшелері қойған сан сауалдарға нақты жауап берді. Кәмшат Жарқынбекқызының айтуына қарағанда, мұнда реаниматолог дәрігер жетіспейді. Осы уақытқа дейін адам жанына араша болатын мамандардың тапшылығынан бала өлімі де болып жатқаны жасырын емес. Жалақының аздығы, баспана мәселесінің шешілмеуі қолбайлау болып, дәрігерлерді жұмысқа тарту оңай болмай тұрған көрінеді. Адам өмірі үшін тікелей жауапты, тым күрделі де қиын мамандыққа ұмтылушылар да жоқтың қасы. Балаларды емдеу орнындағы ең өзекті проблема — осы.
Бүкіл өңір бойынша жалғыз балалар онкогематологы бар. Ол демалысқа шыққан кезде орнына жұмыс істейтін ешкім жоқ.
- Мен басқа өңірлердегі әріптестеріммен осы мәселені шешу үшін хабарласып көрдім,-дейді Кәмшат Тұрсынбекова. - Қай жерде балалар онкогематологы екеу болса, біреуін Маңғыстауға алдыру үшін. Өкінішке орай, өзге аймақтардағы жағдай да осындай. Барлығында бір-бір маман. Егер басқа жақтан балалар онкогематологы келер болса, қолымнан келгенінше бар жағдайын жасар едім. Бүгінде оқу талабына сай мамандар үш жыл резидентурадан өтуі керек. Резидентурадан өтпеген мамандар ауруханада жұмыс істей алмайды. Біз Алматыдағы дәрігерлердің білім жетілдіру университетімен және Ақтөбедегі Батыс медициналық университетінің резидентурасымен оның базасы болып клісімшартқа отырдық. Сол дәрігерлер кейін бізден тәжіибеден өтіп, жұмыс жасап кетеді. Алайда мұның барлығы да уақытша, дәрігерлер бізде тұрақтамайды.
Шара барысында Жаңаөзеннен емделуге келген бала дәрігерлер қолынан қаза тапты деген мәселе де назардан тыс қалмады. Бас дәрігер бала өлімінің себебі оның ауруханаға дер кезінде әкелінбей, бала қанының өзгеріске ұшырағанын айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудың алғашқы құрылысшылары кімдер еді?- Біз тиісті шаралар қолданбасақ болмайды. Ата-аналардыың қайғысы келешекте қайталанбауы керек, - деді Аббат Өрісбаев. - Ал өлім мен өмір ортасында алысқан науқастарды ажал аузынан алып қалатын мамандар облыста шынымен де тым аз. Қазір тек екі маман қызметте, тағы үш дәрігерге мұқтаждық бар. Ондай мамандардың тапшылығы әлеуметтік жағдайдың нашарлығына байланысты.
Облыстық балалар ауруханасында маман тапшылығынан бөлек, заманауы жабдықтардың жеткіліксіздігі де байқалды. Мәселен, компьютерлік томографияның жұмыс жасағанынан жасамаған күні көп екен. Сондықтан науқастанған балаларды ақылы қызмет көрсететін мекемелерге жолдауға мәжбүр. Осындағы КТ аппаратының бұзылып, қайта іске қосылғанына көп болмапты. Қазір мұнда 145 төсек-орын болса, соның барлығы дерлік толық екен. Дәрігерлердің айтуынша, көптеген балалар ауруы асқынып келеді және түрлі жарақат алған балалар көп. Ата-аналардың балаларына салғырт қарағандығынан жаз айларында терезеден ұшып кету деректері жиі кездессе, қыстыгүндері тұрмыстық жарақат алу көп болатын көрінеді. Ал бұл балаларға ем жасайтын дәрігерлердің тапшылығы ауруханадағы жағдайды күрделендіре түсері анық.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА