Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 2-сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын. Латын әліпбиіне көшудің ұлт санасын бұғаудан босатып, түркі және жаһан әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатыны анық.
Таяуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқын шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру мақсатында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қазақ тілінің жаңа көкжиегі–латын әліпбиі» тақырыбында дәріс өтті. Шараға колледж студентері мен мұғалімдері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты. Аталмыш шара барысында Маңғыстау облысы бойынша «Азамат дауысы» үкіметтік емес ұйымының директоры Ғалия Жалғасбай латын әліпбиі, оның халықтар арасында таралуы және қазіргі заманда оны пайдалану қажеттілігі туралы кең көлемде ақпарат берді. Сондай-ақ қазақ алфавитін латындандыру жаңа білімді игеруді анағұрлым жеңілдететінін атап өтті.
Дәріске қатысқан студенттер мен мұғалімдер тарапынан латын графикасы жөнінде сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауап берілді. Шара соңында қатысушыларға ҚР Президентінің латын графикасына көшу туралы Жарғысы мен қазақ тілі әліпбиі жазылған брошюралар таратылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА