Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің мәліметінше облыс бойынша 2017 жылы қатерлі ісік ауруынан өлім саны 100 мың адамға шаққанда 62,7 құраса, қазір бұл көрсеткіш 55,7-ге дейін азайып, 12,6%-ды құрап отыр.
Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің дәрігерлері Жаңаөзен қаласындағы екі күндік тексеру нәтижесінде онкологиялық аурумен ауыратын 8 науқасты анықтады.
Жаңаөзен қалалық ауруханада онколог, маммолог, онкогинеколог и эндоскопист дәрігерлері қабылдау жүргізді. Екі күн ішінде мамандар 160-тан аса адамды қабылдаған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Нұрлан Джариев мәлімдеді.
Аталған диспансердің онколог мамандары осы секілді қабылдау жұмыстарын Мұнайлы ауданында және Ақтау қаласының екі емханасында жүргізген. Келесі қабылдау Маңғыстау және Түпқараған аудандарында жоспарлануда.
- Осы тоғыз ай ішінде дәрігерлеріміздің тарапынан өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда онкопатологияның 50 жағдайы артық анықталған. Бүгінгі таңда облыс бойынша өсім 7,2% құрап отыр. Онкологиялық аурулардан өлім деңгейі 4%-ға төмендеді. I және II сатылардағы анықталған онкопатология өткен жылы 47% болса, ал ағымдағы жылда 26 қыркүйектегі жағдай бойынша ол 56,7% құрады.
2017 жылдың алғашқы тоғыз айында I сатыдағы онкологиялық ауруы бар 86 науқас анықталса, ағымдағы жылдың тоғыз айында 126-сы анықталған. Бес жылдық өмір сүру деңгейі 4%-ға өсті. Бұл соңғы бес жылдағы жұмыстардың нәтижесі, - деді Нұрлан Джариев.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА