Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кезекті жолдауында «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасына сәйкес өңірлерде жаппай мектеп және сырт елден келіп саяхаттаушыларға жағдай жасап, ел туризмін дамыту керегі сөз болған. Осыған орай киелі өлкеміздің тау-тастарын аралап, аймақты тануға ұмтылған шаралар легі басталып та кетті.
Жуырда «ЭтноТур» бірлестігінің ұйымдастыруымен және бірнеше жеке кәсіпкерлердің демеушілігі мен Маңғыстау жеріндегі киелі орындар мен көне тарихтан сыр шертетін бағзы мекендерді жыл сайын қызығушылығы мен саны қоса артып келе жатқан туристерге таныстыру мақсатында саяхат ұйымдастырылды. Маңғыстау топырағы келешекте ел аумағындағы саяхатшылар ғана емес, жалпы әлем жұртшылығы толассыз ағылар туристік аймаққа айналады деген зор мақсат қойылған. Оның дәлелін қала маңын теңізбен ұштастырып, халыққа жайлылық сыйлаған жағажайдың күннен-күнге құлпырған көркінен-ақ аңғарамыз.
Таң нұрымен таласа сапарға шыққан саяхатшылар тобы үш сағаттан астам жолды өңгеріп, сыры мен сыны беймәлім, тылсым тартқан Ақкөгершін таулы аймағына табан тіреген еді. Қазақ даласында адам тамсанып, көз тоймайтындай әсем жерлердің сансыз екені белгілі. Алайда сол бар дүниемізді шетелден келген жұртшылыққа қаншалықты деңгейде насихаттап, таныстыра алып жатырмыз? Ескерер жайт, сапарға шыққан топ құрамында Ресейдің Екатеринбург қаласынан келген қонақтар да болды. Олардың өздері табан басып тұрған жердің тарихы қандай болғанын білуге деген ықылас-ниеті мол болғаны тағы рас. Осы орайда «ЭтноТур» бірлестігінің басшысы, маңғаз өңіріміздің тарихи өлкелерін қағаз бетіне түсіріп, кітап етіп шығарып, бір кісідей өз үлесін қосып жүрген Наталья Задерецкая қонақтарға жол бойы қазақ халқының мәдениетін, өр рухын, көшпелі дәуірдегі тұрмыс салтын тынбастан таныстырып отырды. Ежелде болары болып, бояуы сіңген бабаның жаугершілік кегін ғылым қуар заман туды. Сырттан келетін жаумен талай қанды шайқасқа түскен қазақ батырлары жайлы ұрпақтың білгені абзал. Сол ұрыстар жайлы құлағы шалғанда аспан көзді ағайынның тамсанғанын көрсеңіз!..
Ақкөгершін тау ма екен?
Көпке кейпі беймәлім, Айрақты тауынан әріде жатқан, маңына жақын барып, сұлбасына үңілсеңіз Көгершін бейнесі қылаң етер Ақкөгершін тауы – нағыз ғажайыптың өзі. Шынында біз таудың бұлтқа қарап емінген шыңын ғана айтып отырмыз, негізінен бұл – көлемді жерді бауырына басып жатқан таулы аймақ. Жан баласы шебер кісінің қолынан шыққан бұйымға тамсанып жатары рас, бірақ Тәңірісінің өзі қашағандай таулы аймаққа қарасаңыз, ішкі әлеміңіз ғалам шарлап кететінін қайтерсіз?! Таулы аймақ жотасын төсеп, аракідік жалғыз аяқ жолдарға тілгіленген. Сол жол бойымен шақырымнан аса жаяулай жол кешіп, қатпар-қатпар тарихтың сырына үңілуге тырыссаңыз, баба ғұмыры кеудеңізге өзі үңіліп қарары хақ. Тек сезем деген жұдырықтай жүрек болса игі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұңғыш мұнай бұрқағының куәгеріШайырдың шаңы жұпардай
Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылы – облыс көлеміндегі табиғаты мен ауасы тамаша шағын мекендердің бірі. Үстірт жанын үкілеп кезген адамға ауылды шолмай кету бір айып шығар дейсіз... Сапарлап келген жұртшылық ауылдағы Таңатовтар әулетінің табалдырығын аттай сала қазақы көңіл, қонақжай ниеттің ауанына шомылды. Жат жандар екен демей, кең үйдің төріне шығарған үй иелері ақ дастархан жайып, қазақтың ұлттық тағамдары – шұбат, қазысымен қоса қара қазанда қайнаған асын салып құдайы қонақтың бабын әбден жасады. Бір қызығарлығы, Ресей жерінен келген туристер ұлттық тағамның дәмін татқанда таңдайлары уылжып, тамсанғандарын жасыра алмады. Тағамның жасалу жолын сұрап, өз елімізге барғанда дайындайтын боламыз десіп кетті. Астан соң қазақтың ғұмырнамасынан алшақтамай, әдеттегіше қол жайылып, ақ бата берілген соң, әулеттің кішісі Інжу атты қыздың жан тебіренткен әнін де тыңдадық. Үй иелеріне деген қимастықпен сапарымызды әрі қарай жалғау мақсатымен жол жүріп кете бердік.
Жемсенсай баурайында...
Шайыр ауылынан жиырма шақырымға жуық жырақта шөккен нардай болып жатқан, қос өркештей екіге бөлініп, орта тұсы жол болып біткен тауды ел-жұрт осылай атап кеткен екен. Телмірсеңіз құдды бір қыш кесектен өрілген ежелгі қамалдың жарындай болып тұрады. Шындығында адам қолымен өрілген түгі де жоқ, сар далаға сарнай қонған бұл да бір Тәңірдің бергені. Орта тұсындағы ойдым-ойдым, табан қажар тасқа толы жол бойымен ирелеңдей үш-төрт шақырым жүрсеңіз, алдыңыздан тұщы судың табиғи көзі шыға келеді. Әуелде жаралған жаратылыстың ғаріп болмай, өз мақсатымен қолданылуы керек демекші, мал бағып жүрген малшы болсын, үйір-үйір жылқы болсын осы маңнан келіп шөлін басады екен.
Асыра мақтаған тұсымыз жоқ, киелі де қастерлі топырақтың, таңбалы тастар мен үстірт, таулардың тарихы өскелең ұрпаққа керек. Бізге тиесілі болғаны – ғажайып мекендерді насихаттап, туған жердің тынысын тұрғындары да сезсін деген ізгі ниет болған. «Мың мәрте естігенше, бір рет көр» демей ме дана халқымыз.
Мадияр ТӨЛЕУОВ, Суретті түсірген Айнұр КЕМАЛОВА