Ол сонау V-IX ғасырлардағы түркілердің тілі, жазуы жайын да көп зерттеді. 1962–1988 жылға дейін монографиялық еңбектермен қоса 85 ғылыми мақала жариялапты. Бұл әріптесімнің ғылымға жан-тәнімен берілген, өте еңбекқор екендігін көрсетеді. Тіл тарихына байланысты ең көп еңбек жазып, ең құнды мәліметтер бергендігін баса айтқым келеді. Көне түркі жазуын зерттеу – өте ауыр іс. Ол неге осыған бет бұрды дегенге келсек, оның жүрегі қазақ тілі үшін ауыратын. Сондықтан ол өз тілінің тарихын зерттеуді жөн көрген.
Рабиға СЫЗДЫҚОВА
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде көрнекті түрколог ғалым, халық ағарту ісінің үздігі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғұбайдолла Айдаровқа арналған оқу аудиториясы есігін айқара ашты.
Аталған оқу аудиториясы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» бағыты бойынша университет тарихында алғаш рет «Кезби» ЖШС директоры Б.Кезбаевтың демеушілік жасауы мен жасақталды.
Аудиторияның ашылу салтанатына Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов, проректорлар, оқу ордасының оқытушылары мен студенттері, ғалымның ұлы, туған туысы жиналды.
Ақтау қаласының 55 жылдық мерекесі қарсаңында ашылған аудиторияның лентасы қиылып, салтанатты түрде ашылды.
«Кезби» ЖШС директоры Б.Кезбаев, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, университеттің құрметті профессоры Е.Раушанов, Ғ.Айдаровтың ұлы Ахмет Ғұбайдоллаұлы Айдаров, ел ағалары, Ғұбайдолла ағаның замандастары ғалымның ұлт руханияты мен ғылымына сіңірген еңбектері туралы жүрекжарды сөздерін, естеліктер айтып, алдағы уақытта жасалар істерге сәттілік тіледі.
Көрнекті ғалым, ұстаздың еліміздің даму тарихындағы сіңірген еңбегі, қазақ тіл білімі, рухани әлемінде бедерлеген айшығы бөлек, алатын орны ерекше.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау: құт қазаны қайнаған қалаҒұбайдолла Айдаров 1921 жылы 18 маусымда Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылының маңындағы Әмірторты жерінде дүниеге келген. Ол ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескеркіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеп, дәлелдеген. Бабалар үнін бүгінге жеткізген, тасқа қашалған аманатты қағазға түсірген ғалым. Ғұбайдолла Айдаров 2001 жылы дүниеден озды.
Аудитория заманауи жаңа технологиялар мен жабдықталған. Онда ғалымның өнегелі өмір жолы, ғибратты істерін қамтыған стенділер орын алған. «Ғ.Айдаровтың өмір жолы» стендісінде ғалымның түрлі салалардағы ұстаздық, ғылыми-зерттеушілік қызметтері, қоғамдық істері жан-жақты көрініс тапқан. «Қазақ түркологиясының атасы» стендісін де біртуар тұлға жайында белгілі ғалымдар Рабиға Сыздықова, Телғожа Жанұзақов, Бабаш Әбілқасымовтардың пікірлері берілген. «Ғұбайдолла Айдаров және көне түркі жазба ескерткіштері» стендісінде Ғ.Айдаровтың Қазақ елінің түркі дәуіріндегі Орхон-Енисей, Күлтегін, Тоныкөк жазбаларын зерттеуге арналған танымал еңбектері тұжырымдалған. Сонымен қатар оқу аудиториясында ұлы ғалымның қаламынан туған еңбектері сөреге қойылған.
– Бұл аудитория келешекте ғалымның мұрасын оқып-үйрену, зерттеп-зерделеуде тағылымы мол оқу аудиториясы болары анық. Студенттеріміз бен магистранттар суреткер шығармашылығы бойынша тақырыптар алып, зерттеу жұмыстарын бастап жатыр, – деді Ш.Есенов атындағы КМТИУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Отарова.
Мазмұны мәнді шараға жиналғандар ризашылықтарын білдіріп, ғалымның бір туғандары және достарымен естелік суретке түсті.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР