Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына орай «Мерейлі мекен Мұнайлыдан – Ақмаржан қала Ақтауға» деген атаумен Мұнайлы ауданының мәдениет күндері өтті.
Мұнайлы ауданы - еліміздегі тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған ең алғашқы аудан. Былтыр ғана өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өткен ауданның берекелі мерекесі Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойымен жалғасын тапты. Мерекелік шара Ақтау қаласы әкімдігінің мәжіліс залындағы салтанатты жиыннан бастау алды. Жиынға Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев пен аудан ақсақалдары мен активтері, ауданның әлеуметтік, мәдени, саяси өмірінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар қатысты.
«Ауылымыз көрші болғандықтан, біз сіздерге әрқашан тілектеспіз. Арнайы келіп, мерекемен құттықтап жатқандарыңызға көп рақмет. Аудандарыңыз қай жағынан болмасын жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр. Қаланың өміріне де зор көмек беріп жатырсыздар. Әріге бармай-ақ қояйық, қала аумағы кішкентай болғандықтан қоқысты Мұнайлы ауданының аймағына апарып төгеміз. Сіздерге тек қана жетістіктер тілейміз», - деген ыстық ықылыспен жиынның шымылдығын қала әкімі түрді.
Қала әкімі мен тұрғындарын, салтанатты жиынға жиналған көпшілікті қала күнімен құттықтай келе, Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев қала әкіміне алғыс хат табыс етіп, ауданның 10 жылдығына арнайы шығарылған төсбелгіні Ғалымжан Мұқырұлының кеудесіне тақты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда қыркүйектің соңына дейін 35 ITсынып ашылады«Ақтауға 55 жыл болса, Мұнайлы ауданына 10 жыл деп жатырмыз. Бірақ соның қай қайсысымен де менің келіскім келмей тұр. Себебі Ақтаудың іргесі сонау 1957 жылы қырық бесінші уран партиясының негізінде қаланған болатын. Сол 1957 жылы жертөледе тұрып, шатырдағы бірінші сыныпқа барған мен болатынмын. 10 жыл оқып, осында мектеп бітірдім. 1972 жылы институт бітірдім. Бір жылдан кейін облыс ашылды. Бірақ 1965 жылы бізге пойыз келді. Станция салынғанда 1967 жылы Алматыға пойызбен бардық. Менің ойымша, 60-жылдардың басынан бастап станция Маңғышлақтың негізі салынған. Облыс ашылғаннан кейін облыстық мекемелер ашылды. Сол мекемелердің базасы да Маңғышлақта болды. Артынша су шаруашылық құрылысы «Водник» деген ауылды салды. Ол бүкіл облысқа қызмет етті. Айтайын дегенім, Мұнайлы ауданының да, Ақтаудың да тарихы әріде жатыр.Содан бері бірнеше заман өтті. Сол кездегі кішкентай ғана ауылда қазір 157 мың тұрғын бар. Қуаныш ортақ. Мұнайлы ауданы дами берсін деген тілегіміз бар», - деді Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай.
Мұнайлылықтар мерекедегі басымдылықты қайырымдылық шараларына берген. Салтанатты жиыннан кейін мұнайлылықтар облыстық сәбилер үйіне барып, қайырымдылық акциясын өткізді. Сәбилер үйіне аудан басшысы мен азаматтары ойыншықтар мен 2 аристонды тарту етті.
Келесі қайырымдылық акциясы облыстық балалар ауылында ұйымдастырылды. Алдымен Мұнайлы ауданының өнерлі балалары концерттік бағдарлама ұсынды. Артынша балалар ауылына Мұнайлы ауданынан шыққан 25 қап ұн, қант, ет өнімдері мен «Керуен» ЖШС өндірген су табысталды.
Мұнайлы ауданындағы ауыл әкімдері 30 мүжәлсіз отбасыға азық-түлік таратты.
Ақтаудан өз еншісін алып, 2007 жылы жеке аудан болып бөлініп шыққан Мұнайлы ауданы бұл мерекеге қызу дайындалғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Биіктігі 4 метр, ені 2 метр болатын сыйға тартылған торсықтың мүсіні осының айқын дәлелі. «Торсық» мүсіні қаладағы 22 шағынаудандағы айналма жолға қойылды.
«Біздің ескерткішімізді неге теңіз жағасына қоймадыңыз?» - деп сөге көрмеңіз. Қаладағы теңіз жағасынан басқа жерлер де көркеюі керек. Торсыққа ежелден халқымыз сусын құйған. Бұл - тоқтық пен берекенің белгісі. Мына тұрған базар да келер жылы жанданып, үлкен орталыққа айналады. Сауда-саттықтың орталығына торсықтың мүсіні тым жараса кетті», - деді Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов.
Мереке «Маңғыстау Арена» спорт кешеніндегі шағын футболдан жастар арасындағы жолдастық кездесумен жалғасын тапты.
Кешке шаһардың 55 жылдық тойына 55 түп ағаш отырғызылады. Ал қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті мекеніне айналған амфитеатрда Мұнайлы ауданының Есенбай Құли бастаған өнерлі азаматтары мен жастары әннен шашу шашады. Мұнайлы ауданының Ақтау қаласындағы мәдениет күндері отшашумен мәресіне жетпек.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="61287,61288,61290,61289,61291,61292,61294,61293,61319,61295,61296,61286,61298,61297"]