©
Апта басында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Басқосуда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері, түйткілді мәселелер талқыланды.
Ең алғаш сөз алған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Қуаныш Берішбаев атқарылған жұмыс барысына тоқталды.
Жастар жұмыссыз қалмауы тиіс
Облыста 2018 жылдың екінші тоқсаны бойынша жұмыс күші 278 368 адамды құрайды. Оның ішінде 66 661-і – 28 жасқа дейінгі жастар. Жастар арасындағы жұмыс күшінің 64 616 адам жұмыспен қамтылды. Маңғыстаудың жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде 2594 адам тіркелген. Жұмыспен қамтылғандардың 58,2%-ы кәсіби, техникалық, қызмет көрсету, сауда саласындағы жұмысшылар болып табылады. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,8%-ға төмендесе, оның ішінде жастар жұмыссыздығы – 4,4%-дан 2,8%-ға азайған. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаның үш бағыты бойынша 8349 жас жұмыспен қамтамасыз етілді.
Жұмыспен қамту орталықтарына жыл басынан бері 8349 жас жүгінген. Аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2018 жылдың қыркүйегінде қысқа мерзімді кәсіпке оқыту бойынша 397 жас жіберіліп, оның 269 аяқтады. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша 2018 жылы 1 млрд. 840 млн теңге қаражат бөлінді. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік гранттар беру үшін 12 млн. теңге бөлінді. Жыл басынан бері бастау бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік дағдыларды үйретуге 157 жас қамтылып, 19 адам бизнес жобаларын қорғады. 19 жоба іске асырылып, қаржылай қолдау көрсетілді. Үшінші бағыт бойынша жыл басынан бері барлығы 7780 жас жұмыспен қамтылып, оның ішінде 4800 тұрақты жұмысқа, 2970 уақытша жұмыс орнымен қамтылды. Уақытша жұмыс ішін де 351 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1551 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 1068 адам жастар практикасына жіберілді. Сонымен қатар «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында облыс бойынша өндірістік тәжірибеге 110 адам жолданды. Оның 89-ы – 14 пен 29 жас аралығындағы жастар.
Баяндаманы тыңдаған Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басшысы Қуаныш Берішбаевқа ауыл аймақтағы жұмыссыз жастарды анықтап, оларды тұрақты жұмыспен қамтуларын қадап айтты.
Тәлім-тәрбие – тұрақты назарда
Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының балалар құқықтарын қорғау және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Айжақсы Тұржанова білім саласы төңірегіндегі мәселелер жөнінде баяндама жасады.
Ол өз сөзінде, жыл сайын облыстық білім ошақтарында жүргізілетін «Мамандықтар фестивалі» өткізіліп, оған оқушылар мен студенттер белсене қатысатындығын сөзге тиек етті.
– «Серпін» бағдарламасын ақпараттандыру мақсатында мектеп түлектері мен атааналардың қатысуымен жиындар өткізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында жастар саясаты мәселелер басқармасы Ш.Есенов институтының өкілдерімен облыстық штат құрылды. Қазіргі таңда «Серпін» бағдарламасы бойынша аймақтың 1039 түлегі білім алуда. Оның 864-і ЖОО-да білім алса, 150 бала колледжде оқып жатыр, – деді Айжақсы Тұржанова.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті игеру бағдарламасынан тыс «Дипломмен ауылға» және «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша көрсеткіштер жоғары. Жастарды жұмысқа тарту өткен жылмен салыстырғанда 4,5%-ға өскен. Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз жүрген әрбір жастың сұрақтарына жауап беретін, кеңес беру бұрыштары бар. Жұмыссыздарға арналған жәрмеңке жиі ұйымдастырылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ жиында Ұлттық банк өкілі «7-20-25» бағдарламасы аясында мәселелерді қозғады.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев бірқатар басқарма басшыларына келіп түскен хаттар мен құжаттардың орындалуы және жауап беру мерзімі кешіктірілмеуіне қатысты тапсырма берді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР