Ақтау қаласында 20-21 қыркүйек күндері дәстүрлі «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» этнографиялық фестивалі өтеді. Фестиваль Маңғыстау өлкесіне тән ұлттық рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау арқылы аумақтық этнобрендингті қалыптастыруды мақсат тұтады. Шараны Астана қаласының 20, Маңғыстау облысының 45, Ақтау қаласына 55 жылдық мерейтойы қарсаңында Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы өткізбек.
Фестиваль аясында 20 қыркүйек сағат 15.00-де Ақтау қаласындағы «Достық» халық шығармашылық орталық залында (1 ш/а) жыршы-термешілер байқауы, «Батаменен ел көгерер» батагөй ақсақалдар ақсақалдар байқауы өтеді.
Айта кетейік, батагөйлер байқауына Маңғыстаудағы қала, аудандардан 60-тан асқан ақсақалдар қатысып, әскерге аттанатын ұланға, жаңа түскен келін мен сапарға шығатын кісіге бата беруі тиіс.
Келесі күні 21 қыркүйек сағат 15.00-де теңіз жағалауындағы амфитеатрда шұбат дайындаушылар байқауы және сүт өнімдерінің жәрмеңкесі, қазақтың дәстүрлі қолөнер бұйымдарының байқауы және көрме жәрмеңкесі мен киіз үйлер байқауы өтеді.
Ал қолөнер шеберлеріне қойылар талап – бұйымдар табиғи өнімдерден қоспасыз жасалуы тиіс. Сайысқа қатысушылар ағаштан, металдан жасалған бұйымдарды, күмістен соғылған зергерлік бұйымдарды, теріден жасалған киімдер мен ыдыс-аяқтарды, жүннен, есілген және иірілген жүн жіптен жасалған киіз үй бұйымдарын ұсына алады.
Үздік шебер пайдаланылған шикізат пен бұйымның сапасына, көркемдің деңгейіне қарай анықталмақ. Сол сияқты ұлттық дәстүрде жасалуы және қазіргі заманға үйлесімділігі де ескерілмек. Сондай-ақ шеберлер сайысқа ұсынған бұйымын дайындау әдісінен шеберлік дағдығысын көрсетеді деп күтілуде.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет Талант ҚҰСАЙЫННЫҢ архивінен