21 тамызда Құрбан айт мейрамының алғашқы күні орталық Бекет ата мешітінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мұсылман жұртшылығын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Ислам әлеміндегі қастерлі мерекеге жылдағы дәстүр бойынша Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де белсенді қатысты. Бұл күні өңіріміздегі 21 этномәдени бірлестіктердің төрағалары мешіт алаңында киіз үйлер тігіп, келген халыққа арнайы дастархан жайылды. Құрбан айт мерекесі аясында «Мектепке жол», «Жомарт жүрек-АСАР» акциялары өтті. Ондағы мақсат – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде және әлеуметтiк себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету. Акция аясында «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Курбанали Газизбеков балаларға 2 тонна қауын-қарбыз, «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Шамсадин Аллахвердиоглы 2 қойдың етін, «Вайнах» ингуш және шешен этномәдени бірлестік төрағасы Магомед Лорсанов 25 отбасыға мекен-жай бойынша қойдың етін, «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Рафига Насибова 10 отбасын азық-түліктермен, «Ақтау ұйғырлары» этномәдени бірлестік мүшесі Айтунам Асматова 7 отбасын азық-түліктермен және «Салават» башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузалия Бутченко 10 отбасын азық-түліктермен, «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Хван-Маденова 10 баланы оқу құралдармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер де акцияға өз үлестерін қосты. «Ана мен бала» қрғамдық қорының жетекшісі Дәметкен Шакенова 40 оқушыны мектепке арналған киім-кешекпен қамтыса, «Айна» ЖШС басшысы Набидулла Айғарақов 50000 теңге қаржылай көмектесті, ал жеке кәсіпкер Мадина Милиева балаларға тәттілер үлестіріп берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА