Құрбан айт мерекесіне орай жетібайлық мүжәлсіз отбасы пәтердің кілтіне ие болды. Пәтерлі болған Гүлшат Әбиева - Жетібай ауылының тұрғыны, 4 баланың анасы. Үлкен қызы 21-жаста. 1-ші топтағы мүгедек. Ақыл-есі кем, эпилепсия, анорексиямен ауырады. 4-ші сыныпта оқитын қызының бір көзі 90% көрмейді екен. Жолдасы алимент төлемей қашып жүр. Өзі еден жуушы болып жұмыс жасайды.
Пәтерді жалғызбасты анаға маңғыстаулық меценат сыйлап отыр. Ол өзін құпия сақтауды жөн көріп, пәтер табыстау құқығын МО ӨКҚ басшысы Айсұлу Дүтбаеваға тапсырған.
«Мен фейсбук әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысымын. Маған көптеген адам көмек сұрап хабарласады. Көбісінің жағдайы жоқ, көпбалалы аналар. Қарақия ауданының әкімі маған жағдайы төмен, тұратын жері жоқ, көп балалы отбасы көп екендігін айтып, үй беретін меценат табуымды өтінді. Құрбан айт мерекесіне орай бұл өтінішпен бір меценатқа жүгіндім. Ол бірден келісімін берді және атын атамауды өтінді. Екі бөлмелі пәтердің кілтін жағдайы төмен 4 балалы анаға табыстап отырмын. Маңғыстау өңірінде меценаттық жақсы дамыған. Гүлшат пәтерді ертең нотариусқа барып, жеке куәлігін алып, өз атына аудара алады», - деді МО ӨКҚ басшысы Айсұлу Дүтбаева.
Көлемі 55 м2 болатын пәтер Жетібай ауылының Ақбөбек-1 шағынауданында 1 қабатта орналасқан.«Пәтерлі болғаныма өте қуаныштымын, Алладан қайтсын. Жетібай ауылының әкімшілігіне алғысымды айтамын. Тұрғылықты үй-жайым жоқ. 2005 жылдан бері үй кезегінде тұрамын. Әкімшілікке үнемі көмек сұрап келемін. Төрт баламның екеуі мүгедек. Міне, бүгін қуанышқа кенеліп отырмын. Айт мерекесінде үй сыйлап жатырсыздар, алғыстан басқа айтарым жоқ», - деді көп балалы ана Гүлшат Әбиева көзіне жас алып.
Айта кетерлігі, өзін құпия ұстауды қалаған меценат Ақтау қаласында да кәмелетке толмаған төрт баласы бар, жағдайы төмен, үй-жайы жоқ отбасыға пәтер сыйламақшы.
Жақсылықты жасаған адамның атын біліп жүрген жақсы ғой. "Оң қолының бергенін, сол қолы білмесін" демекші, жақсылықты атын жария етпей жасаған бұл кәсіпкердің ісі өзін бай санайтын, байлығы қара басынан артылмайтын жандарға үлгі болса екен дейміз.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ