Құрбан айт - барша мұсылман үшін ортақ ұлық мейрам. Айттың алғашқы күнінде ақтаулық Еркін Байзақов баспаналы болды. Ол - 1-топтағы мүгедек. Пәтер кілтін Е. Байзақовқа Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов өз қолымен табыстады. Мүмкіндігі шектеулі жанның отбасына арналған пәтер - 32 "б" шағынауданда орналасқан жаңа үйлердің бірінде. Үйді жеке кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев басқаратын құрылыс компаниясы салған.
Ақтау қаласындағы мерекелік Айт намазы Бекет Ата орталық мешітінде таңғы сағат 7:15-те оқылды. Облыс тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов құттықтады.
- Құрбан Айт - бірлік, жанашырлық, достық пен мейірімділікті негізге алған мұсылмандардың ең маңызды мейрамдарының бірі. Құрбан айт xалықтың бірлігін нығайтып, жақсылық пен қайырымдылықтың белгісіне айналды. Діндардың пейілі әрқашан жасампаз әрі таза болуы тиіс. Олардың әрқайсысы xалқымыздың бірлігіне, ұлтаралық келісімнің нығаюына өз үлесін қосуы қажет. Елбасымыздың және облыс басшыларының атынан баршаңызды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Мереке әр үйге жылулық пен қуаныш, бақыт пен саулық әкелсін! - деді.
Одан соң өңір басшысы Құрбан Айт мерекесіне орай ұйымдастырылған мерекелік шараларға қатысты. Мерекеге орай облыс кәсіпкерлері мен қоғам қайраткерлері мол дастарxан жайылған киіз үйлер тіккен. Бекет Ата мешіті маңына өз киіз үйін Қазақстан xалқы Ассамблеясының өкілдері де тікті. Олар аз қамтылған, көп балалы отбасылар және қамқорсыз қалған балаларға мектепке дайындық барысында көмек көрсету мақсатында "Мектепке жол", "Жомарт жүрек АСАР" қайырымдылық акцияларын өткізді.
Ақтау тұрғындары мен қала қонақтары арнап арқан тарту, қазақша күрес, гір тастын көтеру секілді түрлі спорттық ойындарға қатысты.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ