©
Маңғыстау облысында 2018 жылдың бірінші жарты жылында АИТВ инфекциясымен 27 адам тіркелді. Олардың жиырмасы - Қазақстан азаматтары, ал жетеуі — шет елдер азаматтары. Осылайша, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 3,1 болып отыр.
"Салыстыру үшін айтар болсақ, былтырғы 6 айда 18 жағдай тіркелсе, 10 адам Қазақстан азаматтары, 8-і - шетел азаматтары болған еді. 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш - 1,6. Сөйтіп, 2017 жылмен салыстырғанда АИТВ инфекциясы 9 жағдайға көбейіп, оның ішінде Қазақстан азаматтары арасында 2 есеге дейін өсіп отыр. АИТВ жұқпасының өсуінің себебі халық арасында тексеруге жататын контингенттердің камтылуының жыл сайын артуы болып отыр", - дейді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының эпидемиолог дәрігері Айәсем Есенжолова.
АИТВ инфекциясы өңіріміздің Ақтау қаласында, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандарында тіркеліп отыр. Инфекция жұқтырған науқастардың басым бөлігі - 20-49 жас аралығындағы азаматтар (92,6%). Олардың 81,5%-ы ер адам болса, 18,5%-ы - әйел адам. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда АИТВ инфекциясы жұмыссыздармен қатар тұрақты жұмыс жасайтын азаматтардың арасында да тіркелген. Инфекцияны негізгі жұқтыру жолы гетеросексуалдық жыныстық қатынас болып тұр.
Инфекция жұқтырғандарға теске дейінгі және тестіден кейінгі кеңестер беріліп, эпидемиологиялық тексеріс жүргізілген.
"Байланыста болған адамдар тексерілді. Диагноз нақтыланғаннан кейін олардың міндеттері мен құқықтары түсіндіріліп, қолхат алынды. ҚР азаматтары орталықта диспансерлік есепке алынды", - деп атап өтті Айәсем Есенжолова.
Маңғыстаулықтар АИТВ инфекциясына тексерістен өту үшін Ақтау қаласы, 3 -шағынаудан, 170-үй, психо-әлеуметтік кеңес беру кабинетіне немесе 50-40-49, 52-45-58 телефондарына хабарласа алады. Сондай-ақ www.antispid.kz сайтынан кеңірек ақпарат ала алады.