Биылғы мамыр айында Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі халықты, әсіресе, жастарды Отанын сүюге тәрбиелеу мақсатында Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің 2-қабатында 1941-1945 ж.ж. соғысқа қатысқан маңғыстаулық ардагерлердің фотосуреттері көрмесін ұйымдастырған болатын. Ақтаулықтар мен қала қонақтары көрмені бір ай бойы тамашалағаннан кейін қоғамдық бірлестіктің акциясы басқаша түрге ұласып, көрмеге қойылған көлемді де көрнекті портреттер ардагерлерге таратыла бастады. Ауған соғысының ардагерлері Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында Жеңістің 73 жылдығына арналған «Жеңіске жақындатқандар» қайырымдылық акциясын Мұнайлы ауданынын бастаған болатын.
Бұдан кейін «Бауырлас жауынгерлер» ҚБ Түпқараған ауданына ат басын бұрды. Ауданның С.Шапағатов ауылының белсенді жастары және қоғамдық бірлестік өкілдерімен бірге осында тұратын 95 жастағы соғыс ардагері Сабырғали Муржиковтың үйіне келдік. Қария төсек тартып қалыпты. Жанында келіні Қаламқас жүр бәйек болып. 11 бала сүйген Сабырғали атаның үш қызы мен бір ұлы ғана бар қалған екен. Қаламқас — шаңыраққа ие болып отырған Аманның келіншегі.
Сабырғали Мұхамедғалиұлы 1923 жылы Астрахан облысының Верхний Баскунчак селосында туған. 1941 жылы шілдеде Қызыл Армия қатарына алынып, Орджоникидзе қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіледі. Онда мергендік пен десант-парашютшы ісін үйреніп, меңгереді. Сол жылғы қараша айында атқыштар полкының түлектерінен десант батальонын құрылып, Таманский түбегіне әкелінеді. Мұнда кескілескен ұрыс жүріп жатқан. Кеңес әскерлері жаңа шепке қарай шегінуге мәжбүр болады. Бұлардың батальоны Новороссискідегі кемелерге тасталады. Осында түскеннен кейін десант батальоны Новороссискіден ондаған шақырым жердегі әскери шепке орналасады.
1942 жылы Туапсе аумағындағы ұрыста жау тарабы қаланы қалай да басып алу үшін жанталасып жатады. Жауға қарсы оқтын-оқтын жасап жатқан қарсы шабуылдардың бірінде біздің үш мерген жауынгеріміз жаудың бақылаушы постын басып алып, байланысшының аппараты мен құжаттары бар шинельді қолға түсіреді. Бұл құжаттарда аса маңызды құпия мәліметтер бар еді. Осы ерлігі үшін кейін Сабырғали Муржиков ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапаталады. Шайқастардың бірінде басынан жараланып, түркия шекарасы маңындағы Батон-Баржоме деген жерде госпитальға жатқызылады. Емделіп шыққанан кейін. Ол қайта құрылған атқыштар полкына жіберіледі.
1943 жылы 935-атқыштар полкы Смоленск қаласын азат ету үшін шайқасты. Осы майданның алдыңғы шебінде шайқасқан Сабырғали Муржиков 62 фашистің, төрт офицердің көзін құртып, екі перископ, екі атқыштар постын және бір жертөлесін жойып жіберді. Бұл ерлігі үшін ол алты жыл өткен соң, 1949 жылы ғана «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 1945 жылғы ақпан айында ауыр жарақат алып, Мәскеу госпиталінде ем алады. Жеңіс күнін осы госпитальде жатқанында қарсы алды. Оның омырауына Новороссиск және Смоленск түбіндегі шайқастар үшін алған марапаттарынан басқа 1 дәрежелі Отан соғысы ордені, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың мерекелік медалі және басқа да нагадалар тағылды. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосты.
«Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев көкөністер мен азық-түлік салынған дорбалар мен қарт жауынгердің көрмеге қойылған портретін Қаламқас келінге табыстап, жейдесіне тағылған ордендер мен медальдар қатарын Астананың 20 жылдығы және Бауыржан Момышұлы медальдарымен толықтырды.
***
Сайын ауылынан шыққан соң Таушық ауылына бет алдық. Мұнда соғыс ардагері Ибраким Мәмбетұлы тұрады. Ауыл әкімдігінің қызметкерлері және белсенді жастарымен бірге үйге кіргенімізде диванда отырған қарт жауынгерді көрдік. Балалары қасында. Ақтауда тұратын қызы Назым апай да әкесін көріп кетуге келген екен.
Қариямен әңгімелесіп, хал-жағдай сұрасқан Матжан Шаулиев оның омырауына Бауыржан Момышұлы медалін тағып, көрмеге қойылған портреті мен азық-түлік, көкөністерін ұсынды.
Соғыстың алғашқы жылында-ақ 17 жасында Маңғыстаудан ағасы Ербосынмен бірге соғысқа аттанған Ибраким Мәмбетұлы 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста жараланып, Астрахань госпиталінде емделеді. Госпитальдан шыққан соң қан майданға қайта оралып, жаумен соғысты жалғастырады. Сөйтіп жүргенінде 1947 жылы ғана елге аман оралады. Ал Ербосын ағасына бұл бақыты көру бұйырмаған екен. Оның артында қалған үш баласы Ибракимнің мойнында қалады. Үйленіп, шаңырақ көтерген ол колхоздың малын бағып, ағасының балаларын өз балаларымен қатар өсіріп, қанаттандырды. Бүгінде балаларының қызығын көріп отыр.
Қара шаңырақта қалған кенже баласы Өтепберген мемлекетке де, жергілікті басшыларға да риза екендігін, олардың жиі хабарласып, дәрігерлердің де уақытында келіп, денсаулығын тексеріп, қан қысымын тексеріп отыратынын айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58065,58066,58061,58062,58063,58064"]