©
«Маңғыстау облысында 2018 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша менингококк тіркелген жоқ. Жалпы республика бойынша менингит ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты», - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Бекмұрат Өтесінов бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
2018 жылғы 25 маусымдағы мәлімет бойынша республикада 68 адам менингококк инфекциясын жұқтырған. Оның 49-ы зертханалық, ал 19-ы клиникалық түрде расталған. Өкінішке орай, инфекцияның жылдам тарайтындығынан әрі науқастың медициналық көмекке кеш жүгінгенінен олардың 6-уы дүние салды.
Бүгінде дәрігерлер имамдармен бірлесе отырып, қажылыққа баратындарды медициналық тексеруден өткізуде. Маңғыстауда қажылыққа баратын 50 адамға «Нименрикс» екпесі салынған. Бельгияда өндірілген екпенің бағасы 24 391,22 теңге тұрады екен.
«Психоневрологиядық стационар, мектеп-интернат, балалар үйі сияқты мекемелерде менингококк инфекциясын жұқтырғандарды анықтау мақсатында 899 адамға бактериологиялық зерттеу жүргізілді. Тексеру қорытындысы «теріс» нәтиже көрсетті», – деп атап өтті Б.Өтесінов.
Қазір менингококкқа қарсы иммундау ақылы түрде (30 мың теңге) Ақтау қалалық №1 емханасында жүргізілуде, осы кезге дейін 39 адам егілген.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен