©
Маңғыстау облысында Иса-Досан көтерілісі туралы «Дала қырандары» атты толықметражды көркем фильм түсірілмек. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында фильмнің авторлары айтты. Шараға фильмнің режиссері Әбдіқадыр Сабыр, жазушы-өлкетанушы Әбілқайыр Спан, Иса батырдың ұрпағы Жылқыбай Кенесары және фильмнің атқарушы продюссері Кенжебек Сержанұлы қатысты.
Кино 19 ғасырдың аяғындағы тарихи оқиғаны бейнелемек. Сол заманның шынайы бейнесін көрсететін туынды ұзақтығы 2 сағат болмақ.
Қазақ халқының тарихындағы Сырым Датұлы, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінен кейінгі үлкен бас көтерулердің бірі - Иса мен Досан бастаған патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтеріліс. Иса-Досан бастаған көтеріліс тарихта «Маңғыстау көтерілісі» деген атпен қалды.
«Бұл фильмді рухани жаңғыру аясында қолға алып отырмыз. Мақсаты – саналы ұрпақ тәрбиелеу, патриоттық рух қалыптастыру, жастарға үлгі көрсету. Қазақты рухтандыратын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әскери өнер, мәдениет - барлығы осы фильмде көрсетілмек. Мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі тарихи кино түсіру еді», - деді режиссер Әбдіқадыр Сабыр.
Бүгінгі таңда жастар кітапты аз оқиды. Смартфонға үңілген заманда толықметражды туынды жастардың тарихты кино арқылы танып білуіне мүмкіндік бермек.
«Жергілікті халықтың арасынан өнерлі, тасада қалып қойған азаматтарды жарыққа шығаруды мақсат тұтып отырмыз. Яғни, батырдың рөлін сонау 19-ғасырдың адамдарын бейнелей алатын тұлғалар ойнай алады. Кино Маңғыстау облысы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен түсіріледі. Бұл туынды 2020 жылы өтетін Иса-Досан көтерілісінің 150 жылдығына арналмақ. Кино 2,5 жыл түсіріледі деп жоспарлануда», - деді фильмнің атқарушы продюсері Кенжебек Сержанұлы.
«Бұл туындыдан сериал түсіруге болар еді, бірақ алғашқы қадамды толықметражды фильмнен бастасақ деп отырмыз. Кинога жергілікті халық, драма театрдың актерлері тартылады. Маңғыстаудың табиғатын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін және сөйлеу мәнерін де осы фильмге арқау етпекпіз», - деді идея авторы Әбдіқадыр Сабыр.
Режиссердің айтуынша, көркем фильмнің әзірге нақты түсірілетін жері белгіленген жоқ. Қазіргі таңда кинорежиссер, өлкетанушылар, Иса мен Досан батырдың ұрпақтары бір апталық экспедицияда жүр. Материалдар жинақталып, көтеріліс болған жерлердің ізін қарап, түсірілетін орны белгіленуде.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Сурет сайттың архивінен алынды [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58019,58020"]