ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракция мүшелері Тарас Хитуов, Кәрібай Мұсырман, Асылбек Смағұлов және Сәкен Өтебаев Маңғыстау облысына іссапармен келді.
ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракция мүшелері Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Бес әлеуметтік бастамасын» халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесуді бастады. Халық қалаулылары облыс көлемінде, Ақтау қаласында және аудандарда тұрғындардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, кеңесетін болады.
Алғашқы кездесуді депутаттар Өмірзақ ауылы, Приморский және Приозерный тұрғын үй массивтері тұрғындарымен кездесуден бастады. Кездесу барысында ауызсудың сапасы төмен екендігі, тұрғындардың жеке басына қатысты мәселелер, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берді.
Екінші кездесуде депутаттар «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында азаматтарды қабылдады. Қабылдауға жалпы жеті адам жазылған. Атап айтқанда, Теллабай Садек – оралман, 6 балалы, әйелі екеуі жұмыссыз, білімдері жоқ, үй жалдап тұрады. Үй жағынан қиындық көріп жүргенін айтып, жатақханаға орналасуына және қолынан келетін жұмысы аяқ киім шеберханасын ашуға көмек сұрады.
Депутаттар оған қазіргі таңда жатақханадан орын болмай тұрғандығын, мүмкіндігіне қарай мекеме басшыларына хат жолданатындығын жеткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Көгілдір отын қымбаттауы мүмкінКелесі тұрғын Айгүл Өтеқасымовнаның 4 баласы бар, күйеуі қайтқан, №35 «Балдырған» балабақшасында аспаз. Ол өзіне қандай да болмасын материалдық көмек сұрайтындығын айтты. Жалғыз басты ананың өтінішіне құлақ асқан Парламент Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсететінін және оны бүгін арызданушының есеп шотына аударатынын айтты.
Сол сияқты көмекке зәру тұрғынның бірі Айтбике Абишева – көп балалы, аяғы ауыр жан. Осыдан екі жыл бұрын баспанасы болмауына байланысты «Нұр Отан» партиясына келіп, осы кезде тұрып жатқан жатақханаға уақытша мерзімге орналастырылған. Енді осының мерзімі бітіп, бөлмені босатуға хат келіп отыр. Ұзартуға көмек сұрайды.
Көмекке мұқтаж ананың мәселесін шешу үшін Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Берішбаевқа ананың жатақханада тұру мерзімін ұзартуға хат жолданды.
Қоғамдық кездесуден кейін депутаттар технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасының қызметкерлерімен кездесті. Онда «Маңғыстау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдерімен тұрғын үй мәселелері жөнінде талқылады.
Осылайша Мәжіліс депутаттары іссапардың алғашқы күнін журналистермен бірге брифингке қатысумен аяқтады. Олар бес әлеуметтік бастама, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша кеңінен тарқатты. Алғашқы жарнасы 20%-ды құрайтын бұл бағдарламаны жалақысы төмен отбасылар үшін 15 пайызға төмендету туралы пікір айтылды. Сондай-ақ соңғы қабылданған діни заңнама бойынша елімізде әйелдердің бетін бүркеп жүруіне тыйым салынғандығы жөніндегі сұрақтарға жауап берілді.
Ең бастысы, облыс үшін көкейкесті мәселеге айналған Алматы-Маңғышлақ жүрдек пойызын жаңарту ұсынылды. Журналистердің сауалы бойынша зейнетақы жүйесіндегі зейнеткерлердің тәжірибесін ескеру туралы өзгерістер де түсіндірілді.
Жайық НАҒЫМАШ