Өткен жұма күні Маңғыстау облысы орталығындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құрметіне салтанатты шара өтті. Оны ашып, құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов ақ желеңді абзал жандарға жылы лебіз білдірді.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында: «Ауруларға қарсы күрес пен денсаулықты нығайту жөніндегі біздің стратегиямыз азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеуден басталады» дегеніндей, дені сау адам–табиғаттың ең қымбат жемісі, - деді өңір басшысы. - Біріншіден,әрбір мемлекеттің басты байлығы–оның азаматтары болса, екіншіден, әрбір адам баласы үшін байлық та, бақыт та–денсаулық. Олай болса, медицина қызметкерлерінің кез келген қоғамда алар орны қашанда ерекше. Әрбір азаматтың денінің сау болуы сіздердің ерік-жігерлеріңіздің, білімдеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің жемісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында денсаулық сақтау саласы көптеген реформаларды бастан өткерді. Атап айтсақ, бұл кезеңде жалақы тұрақты болмай, дәрі-дәрмек тапшы болды. Осындай кедергілерге байланысты көптеген мамандар кәсібін ауыстыруға мәжбүр болды. Дегенмен, бұл қиындықтарға төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында төтеп берген бүгінгі медицина саласының қызметкерлері өздерінің болашаққа деген нық сенімдерін жоғалтқан жоқ. Елімізде халық денсаулығын қорғау мәселесі ең маңызды мәселе ретінде мемлекеттік дәрежеде қамқорлыққа алынды. Биылғы жыл біздің халқымыз үшін айрықша жыл — Астана қаласының 20 жылдығы, Ақтау қаласына 55 жыл және 11-15 маусым аралығында Ақтау қаласында Қазақстандық эндоскопиялық хирургтер Қауымдастығының VII съезі өтті.
Жыл сайын денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің күніне орай өтетін салтанатты жиындардан биылғы шараның айырмашылығы — осынау ауқымды басқосуға келген бірқатар белгілі мамандардың қатысуы еді. Ералы Лұқпанұлы құрметті дәрігерлерге ризашылық білдірді.
- Біздің халықаралық мәртебеге ие қонақтарымыз — Серік Тоқпанов, Жақсылық Досқалиев, Намаз Ізімбергенов, Ресей Федерациясының еңбегі сіңген дәрігер ғалымдары Эдуард Галлямов, Сергей Штырев, Александр Разумовский, Лаура Каппушева, Юрий Старков, Клермон-Ферран университетінің профессоры Реваз Бочоришвили, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтер Қауымдастығының президенті профессор Владимир Котлобовский, репродуктивті медицина профессоры Вячеслав Локшин және басқа Ресей және Қазақстан ғалымдары, - деді ол. - Сонымен қатар бүгінгі салтанатты шараға «Карл Щторц Эндоскопи Казахстан» ЖШС бас директоры Сергей Ахундов қатысып отыр. Сондай-ақ шарамызға Ақтау қаласында туып-өскен, белгілі Ресей ғалымы, онколог, репродуктолог Марина Киселева қатысып отырғанын зор мақтанышпен жеткізгім келеді. Ол онкологиялық аурумен ауыратын әйелдің жүктілігін жұмыртқаның криоконсервіленген тканьдері арқылы дамыта алған ТМД бойынша тұңғыш дәрігер. Облысымыздағы емдеу мекемелеріндегі құрал-жабдықтардың Мәскеудегіден артық болмағанымен кем емес екенін айтқан Марина Викторовна біздің мақтанышымыз.
Өңірімізде жоғары технологиялардан шеберлік сағаттары жыл сайын өтетінін атап өткенім жөн. Мәселен, 2017 жылы жоғары технологиялық 40 ота жасалып, амбулаторлық науқастарға 150 кеңес берілді, 15 тематикалық лекциялар оқылды. Ал биыл халықаралық конференция аясында 37 гинекологиялық диагностикалық және емдік эндоскопиялық ота, 72 скринингтік эндоскопиялық зерттеулер нәтижесінде асқазан-ішек рагы ертерек анықталып, 12 онкологиялық ауруларға ота жасалды. Облысымыздың медицина саласы үздіксіз даму үстінде. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында өңірімізде кардиохирургия, нейрохирургия, травматология, гинекология және онкология саласында жоғары мамандандырылған медициналық көмек (БМСК) енгізілді. 2011 жылы 80 БМСК көрсетіліп, өткен жылы бұл көмек 500-ге тарта науқасқа, соның ішінде Софимед-групп клиникасы 80 науқасқа көмек көрсетті. Жыл өткен сайын медициналық қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік клиникалар қатары көбейе түсуде. 2018 жылы осы бағытта жұмыс істей бастаған 55 медициналық ұйымның 24-і жекеменшік клиника. Олардың бюджеті 1 миллиард 341 миллион теңге болды. Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымын дамтыуға жеке инвестициядан бөлінген қаржы 2 миллиард теңгеге жуықтады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, меценаттарға алғыс білдіремін.
Биыл тұрғындар денсаулығын жақсарту үшін облыс әкімдігінде елімізде алғаш рет мұнай, банк жүйелерін, кәсіпкерлерді, ҮЕҰ мен басқа да салалардың басын қосқан ведомствоаралық үйлестіру кеңесі құрылды. Денсаулық сақтау саласында барлық күш медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталуы керек. Бүгінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі маңызды болып тұр. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін арттыру және тұрғындардың көрсетілген медициналық қызметке қанағаттануына қол жеткізу, дәрігерлер мен науқастардың уақытын 50% үнемдеу, дәрігерге баруын 2 есе азайту, кезекте тұруды 30% азайту, скриниг тексерулерде ауруларды анықтауды10% көбейту сияқты көптеген жақсы нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсіпкерлер қолымен көркейген қалаДенсаулық сақтау саласының қызметі материалдық-техникалық базаны дамытуға бағытталды. Ақтау қаласында 150 орындық ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының құрылысы биылғы маусым айының соңында бітеді, ал Ақтау қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер мен Жаңаөзендегі медициналық орталық құрылысының мәселесі шешімін таппақ.
Осынау көрсеткіштерге адам жанына араша болып жүрген денсаулық сақтау ісінің шебер мамандары, Сіздердің зор еңбектеріңіз арқылы қол жеткізгеніміз сөзсіз. Әсіресе, еңбегі елеулі Сүлеймен Бердәулетов, Бердібек Тұрарбековты атап өткім келеді. Сондай-ақ біз 4000 ота жасаған жоғары кәсіби хирург Талғат Мұқантаевты мақтан тұтамыз. Ол «Құрмет» орденімен марапатталып, еліміздің 100 жаңа есімі санатына енді.
Дәрігерлерге игі тілегін айтқан Ералы Лұқпанұлы 120 медицина қызметкеріне түрлі дәрежедегі марапаттар тапсырды.
Мерекелік шара барысында өнерлі дәрігерлер өз мерекелеріне ән-күймен шашу шашты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56358,56356,56357,56354,56355"]