Бүгін 15 маусым күні Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифинг барысында «База ОРС» көтерме базары аумағында заңсыз саудамен айналысқан контейнерлер орнынан алынып тасталды. Шенеуніктердің айтуынша, бұл жер орындары пайдалану мақсаты бойынша сауда жасауға арналмаған.
https://youtu.be/2jmLVZhwFPkЕстеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың басында Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық әкімдіктің шешімдеріне сәйкес, жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша іс-шара бекітіліп, жұмысшы тобы құрылған еді. Осы жұмысшы топ қала аумағындағы заңсыз сауда орындарын анықтап, оларды тіркеп, мемлекетке салық төлеуін қамтамасыз етумен айналысады.
Қазір жұмысшы топ №1 өнеркәсіптік аймақтағы («База ОРС») көтерме базар, «Руссказ», "Масат" базары сияқты сауда орындарына мониторинг жүргізуде.
«Қала құрылысы және архитектура бөлімінің ақпараты негізінде «База ОРС» базарынан 29 заңсыз сауда орны анықталды. Салық органдарымен бірігіп мониторинг жүргізу барысында мұндай кәсіпкерлердің саны 55-ке жетті. Сонымен қатар, құжаты жоқ, заңсыз қойылған 21 сауда контейнері анықталды. Олардың 14-і алынды, қалған 7-уі де бүгіннен қалмай алынатын болады. Босаған орынды автотұраққа айналдыруды көздеп отырмыз», - деді Ақтау қаласы бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Демеуғали Баков.
Бұл 21 контейнердің 17-сі көтерме сауда, үшеуі жеміс-жидек, біреуі самса сататын контейнер екен. Контейнері алынып тасталған бірді-екілі саудагер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген құжаты бар екенін айтқанымен, жер орынның құжатын көрсете алмады. Олар жерді "Азамат" есімді жігіттен жалға алып, кәсібін жүргізіп отырғанын айтады. Ал, жер орынды мақсатына сай пайдаланбай, саудагерлерге жалға берген жігіт сол күйінше бой көрсетпеді.
https://www.youtube.com/watch?v=uxXGUEiWPu8Демеуғали Баковтың айтуынша, қаладағы 12 базардың барлығына да мониторинг жүргізіліп, сауда нүктелері заңдастырылып, жергілікті бюджетке салық өндірілмек. Жұмысшы тобы әзірге «Русказ», «Масат» базарларына ғана мониторинг жүргізген.
«Мысалы, «Русказ» базарында құжат бойынша 56 сауда орны бар деп көрсетілген. Ал салық органдарымен аралау кезінде 204 сауда орнын анықтадық. Яғни, 148 кәсіпкер мемлекетке салық төлеместен сауда жасап отыр», - деді Демеуғали Баков.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға дейін сауда орындарының барлығын заманауи талапқа сай жаңғырту, яғни жабық базарларға айналдыру көзделген. Мәселен, «Руссказ» базары қыркүйек айынан бастап заманауи сауда үйінің құрылысы бастауды жоспарлап отыр.
Осы ретте Демеуғали Баков Ақтау қаласы әкімінің қаулысымен жеміс, көкөніс, балмұздақ, жүгері, сусын мен квас сияқты маусымдық өнімдерді сату үшін 299 орын белгіленгенін айтып өтті. Бүгін контейнерінен айырылған жеке кәсіпкерлер осы сауда нүктелерінде кәсібін жүргізе алады. Бір ғана талап - бұл орындар бірыңғай эскизбен жасалуы тиіс.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Видео мен суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56305,56307,56306,56302"]