"Маңдайшаларды латын әрпімен жазуға асықпау керек. Осы кезге дейін ауыстырылған маңдайшалар - латыншаның оңай екенін түсіндіру бағытында жасалған жұмыс". Бұл туралы бүгін Ақтауда «Жаңа латын әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық мәселелері» атты семинар-кеңесте Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ғылыми қызметкері Дана Оспанова айтты. Семинар-кеңеске Маңғыстау облысы тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының бастығы Г.Төлеуғалиева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Б.Сүйерқұл, Маңғыстау облысының аудан, қалаларының тіл дамыту бөлімдерінің қызметкерлері, қазақ тілі пәнінің мұғалімдер қатысты.
Латын қарпіне көшудің қалай өтіп жатқанына тоқталған Д. Оспанова ұлттық комиссияның жанынан 4 жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Орфографиялық жұмыс тобының міндетіне жаңа әліпбиді жетілдіру, емле және орфографиялық ережелерді түзу кіреді. Ал, әдістемелік жұмыс тобы әліппе, оқулық пен кадрларды дайындаумен айналысады. Терминологиялық жұмыс тобы терминдермен қатар, онамастика, жер-су аттары, кісі есімдерін жазуды бір жүйеге түсіреді. Ал төртінші ақпараттық және техникалық сүйемелдеу тобы бекітілген емле негізінде кирилл әрпінде жазылған жазуды автоматты түрде латыншаға ауыстыратын конвертерді әзірлейді. Ғылыми қызметкердің айтуынша, барлық жұмыс тобы қазір орфографиялық жұмыс тобы дайындайтын емле ережелерін күтіп отыр.
«Емле ережелері бекітілмей, ең аяғы маңдайшалар да ауыстырылмауы керек. Емле бекітілгеннен кейін де маңдайшаның жазуы дұрыс болуы мүмкін, бірақ «осы сөз қазақ тілінің емлесі бойынша осылай жазылады» деген ережеге сүйену керек. Яғни, негіз болу керек. Ал, осы кезге дейін ауыстырылған маңдайшалар, баспа беттеріндегі жазулар - 80 жыл бойы кирилл әліпбиін қолданған халыққа латынның оңай екенін түсіндіру үшін жасалған жарнамалық жұмыс», - деп атап өтті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ғылыми қызметкері Дана Оспанова.
Д.Оспанованың айтуынша, қазіргі латын әрпінің ішкі құрамының өзгеру-өзгермеуі емле ережелерін жасау барысында белгілі болады. 11 маусымда Астанада ғалымдар мен төрт жұмыс тобы қатысқан конференцияда Емле ережелері тұжырымдамасының жобасы ұсынылған. Айтылған ескерту, пікірлер жетілдіріліп, соның негізінде қыркүйек-қазан айларында Әліпбидің емле ережелері дайын болады деп күтілуде.
[embed]https://youtu.be/jdlIKvg7vXc[/embed]Баяндамашы барлық түркі халықтарын бір мезгілде латыншаға ауыстыруды көздеген 1929 жылғы «Жаңа әліпби» жобасына тоқталды. Қазақ халқы сол латын әрпін 1934 жылғы реформаға дейін қолданған. Қайта түзетілген латын қарпін 1939 жылы кириллица алмастырды.
«1929 жылғы латын әрпін неге қолданбасқа дейтіндер бар. Мысалы, сөздер 1936 жылдарға дейін бір емлемен, одан кейін басқа емлемен жазылған. Айталық, 1936 жылға дейінгі емледе х, ц деген таңбалардың болмауынан кірме сөздер «хлор – қылор» болып төл дыбыстармен жазылды. Кірме сөздерді жазу үшін 1934 жылы латын қарпіне реформа енгізілген. Төл дыбыстарды сақтау үшін х, ц, в, ч деген кірме дыбыстарға таңба бермеу керек деген де пікір бар. Ғалымдар жаңа әліпбиде кірме дыбыстарға таңба беруде өткен ғасырлардың тәжірибесіне сүйенді», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, латын әрпіне көшуде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі басты орган болып белгіленіп, Ғылым және білім минитрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бірлесе жұмыстануда. Ал Ш.Шаяхметов атындағы орталықтың міндетіне латын қарпіне көшу үдерісін үйлестіру кіреді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Видео мен суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН