Отыз күндік оразаны аман-есен аяқтаған күллі мұсылмандар бүгін мешіттерде Ораза айт намазын оқыды. Иісі мұсылманға қасиетті болған бұл таңда Ақтау қаласындағы орталық мешітке де қала тұрғындары көп келді.
Алла үйіне жиналған жамағатқа облыс әкімі Ералы Тоғжанов құтты болсын айтып, Ислам мейрамдарының діни бауырластарымызды ғана емес, сондай-ақ барша адамзатты ынтымақтастыққа, ауызбірлікке, өзара сыйластық пен құрметке бастайтын орны бөлек ерекше мереке екенін атап өтті.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Адамның жан дүниесінің тазалығы мен діни сенімі бір-бірімен тығыз байланысып, қатар жүретіні хақ» дегені бар. Ендеше, адамды тазалыққа, қоғамды рухани келісім мен тұтастыққа шақыратын сауапты да салауатты мерекенің маңызы сөзсіз аса жоғары, - деді ол. - Осындай діни мейрамдарымызды атап өтуге еліміздің тәуелсіздігі арқасында қол жетті. Рамазан айында жан-жағымыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, барынша көмек көрсеттік, жақсылық жасауға ұмтылдық, өткенді кешірдік. Бұл үрдісті тек қасиетті айда ғана емес, барлық уақытта дәстүрімізді құрметтеп, елімізді, туған жерімізді көркейтуге, айналамыздағы жақын жандарды демеп, ата-бабаларымыздан қалған сара жолды үзбей жалғастыруға шақырамын. Рамазан айында жасаған барлық жақсылығымыз, игілікті істеріміз еліміздің өркендеуіне үлес қосады деп кәміл сенемін. Қасиетті Ораза айт мерекесі ырыс-ынтымағымызды арттырып, елімізге тыныштық пен береке-бірлігін әкелсін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болсын. Әрбір шаңырақтың құт-несібесі молынан болғай. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға ырыс-берекет пен амандық тілеймін. Ораза айт мүбарак болсын, ағайын!
Өңір басшысының құттықтауынан кейін жамағат Ораза айт намазын оқыды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудан ауылдарға қатынайтын маршруттардың жолақысы өcтіАйт намазынан соң жұртшылық арнайы жайылған мерекелік дастарханнан дәм таттып, бірін бірі құттықтап жатты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкіл имамы, орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков бата жасады. Ал орталық мешіт азаншысы Али Қазақ Құран оқыды.
Мереке тұрғындар арасында ұйымдастырылған ұлттық спорт ойындарына ұласып, жігіттер күш сынасты. Ойынға қатысушылар мен жеңімпаздарға тиісінше марапаттар мен тарту-таралғылар берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56194,56195,56198,56196,56197,56199"]