2017-2018 оқу жылының нәтижелері талқыланған брифингте Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова шаһардағы орта білім беру мектептерінің түйткілді тұстарын айтты. Қала әкімінің орынбасары атап көрсеткен мәселелердің біріншісі - орыс тілді мектептерде маман жетіспеушілігі. Қазіргі таңда Ақтау қаласы бойынша мектептерде орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдердің 102 вакансия ашық тұр. Оған қоса, көптеген мектепте зейнет жасындағы мұғалімдер еңбек етіп жүр. Ал келесі мектептерде бір мұғалім екі сыныпты қатар алып жүруге мәжбүр. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова осылардың бәрін ескере келе, Ақтау мектептеріне орыс тілді 300-ден астам педагогтың керектігін айтты. Көбіне жаратылыстану пәндері (физика, математика, информатика, химия) мен бастауыш сынып мұғалімдері тапшы. Сонымен қатар, орыс тілі пәнінің де мұғалімі жетіспейді. Бұл - тек Маңғыстаудың ғана емес, республикаға ортақ мәселе. Өйткені мектепті орыс тілінде бітірген оқушылар педагогика мамандығын таңдамайды. 2019 жылы орыс мектебіндегі бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бір топ бітіріп шығады. Олардың оқу ақысын толығымен мемлекет көтерген. Орыс тіліндегі топқа тек бірді-екілі адамның тапсыруына байланысты, бұған дейінгі топтардың барлығы қазақ тілінде болған. "Бұл топты осыдан екі-үш жыл бұрын Ш.Есенов атындағы университеттен ашуды сұраған едік. Бірақ орыс тілді абитуриенттердің мұғалім мамандығын таңдамауы, студенттердің жиналмауы себепті бұл топтар ашылмай қалды", - деп атап өтті Г.Қалмұратова. Шаһар басшысы орынбасарының айтуынша, 2007-2017 жылдар аралығында мүжәліз не көп балалы отбасылардың, ауылдық жерлердің балаларына білім, денсаулық, мәдениет салаларында оқу үшін 1000-нан аса грант берілген. Бірақ орыс мектептері түлектерінің педагог мамандығына бармауы себепті, бұл бағдарлама қазақ мектептерінің кадр мәселесін шешу үшін жүргізілген бағдарламадай оң нәтижесін бермеген. Ал денсаулық саласының кадр мәселесін шешу үшін бұл бағдарлама өз нәтижесін беріп, 300-ге жуық студент оқытылған. Орта мектептерге ортақ екінші мәселе - оқушылардың біркелкі болмауы. Яғни оқушылар саны толмайтын мектептер бар, сол сияқты оқушы саны нормативтен асып кеткен мектептер бар. Қаладағы кейбір білім ордаларында бір сыныпта 13-17 баладан білім алса, енді бірінде 30 оқушыға дейін оқып отыр. Мәселен, №8, №17, №4 мектепте бала саны толық емес. Норматив бойынша, бір сыныпта 20-25 баладан болуы тиіс. Мәселен, №12 мектепте бір сыныптағы бала саны орта есеппен 27,5 болса, ал №8, №17, №4 мектеп пен экономикалық лицейде орта есеппен бір сыныпта 17 баладан оқып отыр. Гүлмира Қалмұратова бұл мәселені шешу үшін қала тұрғындарының Ақтауда тек бір-екі ғана жақсы мектеп пен балабақша бар деген пікірін өзгерту қажеттігін айтты. "Талдауларға сүйенсек, қарапайым мектептер де жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Бұл мәселелер орта мектептердегі оқу жүйесін ортақ мемлекеттік стандартқа сәйкестендіру, жаңа инновацияларды енгізу, мұғалімдердің мәртебесін көтеру және әлеуметтік қорғалу аспектілерін көтеру арқылы шешіледі", - деп атап өтті Г.Қалмұратова. Мәселені шешудің бір жолы ретінде қала басшылығы бірқатар мектептерді қосуды ұсынып отыр. Мысалы, 15 шағынаудандағы экономикалық лицей мен №4 гимназияның орыс тілді сыныптарын біріктіру қарастырылып жатыр. Қазір Ақтаудағы 28128 оқушыға арналған 25 орта мектепте 35 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Сондықтан жаңа шағынаудандарда мектеп салу мәселесі қарастырылуда. Бірақ 31, 31А, 31Б, 32В, Шығыс-2 және Шығыс-3 шағынаудандарында мектеп салатын орын жоқ. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова жеке кәсіпкер Г.Қуанышалиеваның 31А шағынауданда орналасқан 3 Га жерін мемлекет қажеттілігіне қайтарып, орнына 18 шағынаудандағы жер теліміне алуға келіскенін атап өтті. Қазір осы 3 Га жерге 600 орындық мектеп салыну жоспарлануда. Сонымен қатар, 16 шағынауданда да мектеп салатын орын жоқ. Бұл мәселе бойынша жергілікті билік жер орнын алмастыру бойынша кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуде.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН