©
«Ақтаудағы бірқатар жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жатақханаларын аралау кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды», - деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі.
Қоғамдық ұйым өкілдері мен Арнайы мониторинг тобы аралау кезінде облыс орталығындағы студенттік жатақханаларда студент еместердің де тұратынын көрген.
Мәселен, Маңғыстау политехникалық колледжіне қарасты жатақханада Ресей Федерациясының азаматшасы Г.Байгузина өз жанұясымен, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенті Л.Аймуханова, облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкері Д.Мурзамурадов тұрып жатқан болып шықты.
«Дәл осындай жағдай өңірдегі жалғыз мемлекеттік жоғары оқу орны - «Yessenov University» студенттеріне арналған жатақханасында да орын алған. Яғни, жатақхананың №129 бөлмесінде сол оқу орнының жүргізушісі Б.Балтаев және №302 бөлмесінде ағайынды Қосбаевтардың заңсыз тұрып жатқаны белгілі болды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ мониторинг тобы Маңғыстау политехникалық колледждің жатақханасына көп жылдан бері жөндеу жүргізілмегенін, ішкі жағдайы санитарлық талапқға сай келмейтінін айтады.
Маңғыстау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік тобы төрағасының орынбасары Әсет Мановтың айтуынша, бұл шара сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ана тіліміздің абыройын асқақтатқандар"Нұр Отан" партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мен қаланы аралап жүріп студенттердің базарлардағы лашықтарда күнелтіп жүргендерін көрдім, олар тек түнеп шықса болды. Сабақ оқуға да, дұрыстап жуынуға да ешқандай жағдай жасалмаған. Ендеше бізде білім саласы қалай дамиды? Мұндай жағдай тек Астанада ғана емес, барлық жерде бар» деген болатын. Студенттерге арналған жатақханалардың мәселесі қоғамда өзектілігін жоғалтқан жоқ", - дейді ол.
Енді арнайы мониторинг тобы анықталған кемшіліктер бойынша тиісті органдарға мәселені ретке келтіру жөнінде ұсыныс жолдайтын болады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Көрнекі сурет сайт архивінен