Қоғамның басты құндылығы – адам дейтін болсақ, онда азаматтардың денсаулығы өзекті мәселелердің бірі екені анық. Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат үшін жан дүниесі сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі, ізгі ниет пен адамгершілікті талап ететіні сөзсіз.
Маңғыстауда Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының VII халықаралық съезі өтті. Медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған құрылтайға еліміздегі білікті дәрігерлермен бірге Франция, Ресей, Украина мемлекеттерінен келген сала мамандары да қатысты. Шарада онкология, хирургия, гинекология бойынша баяндамалар оқылды. Ауқымды іс-шараны Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының президенті Владимир Котлобовский жүргізді.
Нақтырақ түсіндіріп кететін болсақ, эндоскопия – бұл шағын инвазиялық хирургия болып табылады, яғни қансыз хирургия деп аталады. Бұрын асқазан-ішек жолдары, аппендецит ауруларын емдеуде пациенттердің жазылуы 2-3 аптаға дейін созылатын. Ал қазіргі таңда ол өте тез, 2-3 күннің ішінде жазылып кетеді. Эндоскопиялық аппараттардың көмегімен емдеу, ота жасау кезінде адам ағзасындағы ішкі органдарды көруге болады. Сондай-ақ қиындықтар өте аз кездеседі.
Эндоскопиялық хирургияның тағы бір жетістігі, бұрын зақымданған бүйректі алып тастайтын болса, қазір эндоскопиялық қондырғының көмегімен органды құтқару бағытында ота жасауға қол жеткізілген. Іс жүзінде барлық облыста шұғыл хирургия, жоспарлы хирургия және барлық кеуде бөлігінің хирургиясы, құрсақ қуысы хирургиясы және гинекология, бронхопатология көптеген жағдайда лапароскопиялық құрылғы арқылы жасалады. Яғни барлық эндоскопиялық хирургия салаларының дамуы дүниежүзілік беталыс болып табылады.
- Маңғыстау өңірінде іс жүзінде барлық жерде, облыстық емханада эндоскопиялық аппараттар бар. Аймақта шамамен 1300-ге жуық ота жасалды. Соның ішінде, ота негізінен көбінесе шұғыл түрде жасалады. Осындай бағытпен болашақта біздің базамызда хирургтарымыз республикамыздың отандық және шетелдердің жетекші мамандарымен жұмыс жасайтын болады. Сондықтан бұл іс-шараның Ақтау қаласында өтуі өте маңызды, – дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері Болатбек Аюпов.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев барлық ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтады.
- Аталған съездің маңызы өте зор. Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының VII құрылтайына және Қазақстан эндоскопиялық хирургтері ассоциациясының 2-өңірлік конференциясының Маңғыстауда өтіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Бізде медицина саласы мамандарын даярлау өзекті мәселе болып табылады, – деді ол.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев өз кәсібіне адал жандардың жоспар бойынша жүргізілетін шеберлік сыныптары өте пайдалы екеніне айрықша тоқталды. Денсаулық сақтау саласының өзара ынтымақтастық арқылы дамитынына тоқтала келіп, мұндай тәжірибе алмасулардың ілгерілеуге жол ашатынын жеткізді.
Медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев Қазақстан эндохирургиясының жетістіктері мен болашағын сөз етсе, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев эндоскопиялық, онкологиялық, басқа да мәселелер туралы айтып берді. Сондай-ақ съезде еліміздің басқа да өңірлері мен шетелдерден келген мамандарға медицинаның заманауи аппараттарын таныстыру бағытында жәрмеңке өткізілді. Аталған жәрмеңкені денсаулық сақтау саласының қызметкерлері аса қызығушылықпен тамашалады. Осы саланың елімізде дамуы қуантарлық жағдай. Тіпті кардиохирургия саласында іс жүзінде көптеген оталар таза бейнеге түсіру арқылы немесе эндоскопиялық бақылау бейнесі арқылы жасалады. Бұл косметологиялық әсерлерді қоспағанда, жеңіл жарақаттанушылық, емделушілерді жедел түрде оңалту болып табылады. Аталған сала біздің барлық аймақтарымызда дамыған. Атап айтар болсақ, лапароскопиялық, эндоскопиялық және диагностикалық хирургия аудандарымызда да жасалып жатыр.
Қуысішілік лапароскопиялық құрылғылармен емдеу жолдары барлық облыстық және қалалық орталықтарда кеңінен дамыған. Кейбір өзіндік қиын бағыттар бар, наветреси хирургия, онкология хирургиясы, лапароскопиялық құрылғылар мен жазу технологиясын қолданатын хирургия орталықтарда орналасқан. Дәрігерлердің айтуынша, аталмыш сала Маңғыстау облысында қарқынды дамуда. Әсіресе, мемлекеттік секторларда, жеке клиникаларда өте тиімді қолданылуда. Бұл, әрине, бәсекеге қабілетті ортаның болуын талап етеді. Лапароскопиялық хирургия – ол бүгініміз. Аталған хирургияның немесе гинекология саласының болмауы ойға қонымсыз жағдай сияқты. Бұл тұста қиындықтар да жоқ емес. Салада маман тапшылығы өзекті мәселе екені де сөз болды. Бірнеше күнге жалғасқан съезде саланың барлық тақырыбы қамтылып, шетелдік дәрігерлер мен еліміздің медицина мамандары шеберлік сыныптарында тәжірибелері және жетістіктерімен бөлісті.
Басқосу барысында бірқатар медицина саласының дәрігерлері марапатталып, медаль және сыйлықтар табысталды.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР