24-наурыз—Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Бүкіл қоғамның назарын туберкулез ауруының жағдайына аудару мақсатында белгіленген бұл күнге орай айлық басталды.
Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің мәжіліс залында бас дәрігер Қуат Титанов пен оның орынбасары Құндыз Керкимова журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу ісіндегі жаңалықтарды жеткізді. Бұл жаңалықтардың бірі—сырқаттарға жаңа дәрінің беріле бастауы.
- Үстіміздегі жылдың ақпан айында ауқымды дәрі-дәрмектерге тұрақты 60 науқасты емдеу үшін Жаһандық қордың қолдауымен деланамид, бедаквилин дәрі-дәрмектері алынды, - деді Қуат Үсенұлы. - Бұл жаңа дәрі-дәрмектер бұрын емделіп жрген дәрі-дәрмектермен қатар беріледі. Жаңа дәрі-дәрмектерді қазір облысымыздың алты науқасы Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығында қабылдай басталды. Қысқа мерзімді ем тәртібіне 27 науқасқа дәрі–дәрмектертер алынып, алдағы уақытта бұл дәрілерді туберкулезбен ауыратын балаларды емдеуге қолдану жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, даң дәрілер бұрын шет елдерде қолданылып, тәжірибе жүзінде сыналған. Ал екінші жағымды жаңалық—туберкулезден емдеу уақытының қысқарғаны. Яғни, бұрын екі жылға дейін созылып, кейбір науқастарды емделуден жалықтырып жіберетін емделу мерзімі 12 айға жететін болады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Былтыр некеге тұрған ең үлкен күйеу жігіттің жасы — 54-те- Биылдан бастап облыста туберкулезді емдеудің жаңа сызбалары, атап айтқанда, ауқымды дәріге тұрақты науқастарға жеке емдеу тәртібі, шектеулі процестер және көп дәріге тұрақты науқастарды қысқа мерзімде, 9-12 айда емдеу тәртібі енгізілді, - деген Қ.Титанов өңіріміздің туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштеріне тоқталды.-2018 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша 2017 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда облыста туберкулезбен аурушаңдық 100 мың адамға шаққанда тұтастай алғанда 9,6%-ға, яғни 10,4-тен 9,4-ке азайып, көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Туберкулездің таралуы облыс бойынша 100 мың адамға шаққанда 2,1%-ға төмендеп, көрсеткіш 14,2-ні (14,5) көрсетті. Балалар арасындағы туберкулезбен аурушаңдық 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (4,3) 32,6%-ға төмендеп, 100 мың адамға шаққанда 2,9-ды көрсетті. Өлім-жітім көрсеткіші тұрақты, 100 мың адамға шаққанда 0,3-ті көрсетіп, кең көлемді дәрілерге тұрақтылығы бар туберкулезбен ауыратын 2 адам қайтыс болды. Облыста туберкулезбен аурушаңдықты азайту мақсатында жеделдетілген диагностикалау әдістерін қолдану арқылы туберкулезді уақытылы анықтауға қол жеткізіліп, науқастардың препараттарға төзімділігін ескере отырып, тиімді де сапалы ем жүргізіледі және де емдеу-алдын алу мекемелерінің медициналық қызметкерлері тарапынан емделушілерге тікелей бақылауда ем жүргізіледі.
Өз денсаулығына немқұрайды қарамайтын немесе денсаулығына күмәнданған адам өзі тіркелген емханадағы учаскелік терапевтке қаралып, рентгенге түсе алады. Ал 24-ақпан-24-наурыз аралығында өтетін айлық аясында Қарақия, Маңғыстау аудандары мен Бейнеу ауданының Опорный ауылының тұрғындарын туберкулезден тексеретін жылжымалы кешен жұмыс істеп тұр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА