©
Обыр немесе рак ауруы бүкіл дүне жүзінде кең жайылып, онымен ауыратындар қатары күн өткен сайын көбейіп тұрғаны жасырын емес. Әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да қатерлі ісік аурулары жөніндегі көрсеткіштерден қалыс қала алмайды десек, Маңғыстау облысында соңғы 10 жылда обырмен ауыратындар саны анағұрлым артқан яғни, 2013 жылғы көрсеткіш 123 болса, соңғы мәлімет бойынша 131 болып отыр. Алайда, мамандарды обырмен ауыратындардың көптігінен гөрі аурудың ерте анықталмайтыны толғандырып отыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Биылғы 1-10-ақпан аралығында онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған онкүндік өткенін қаперге берген облыстық онкологиялық аурулар диспансерінің директоры Нұрлан Жариев шараның қорытындыларына тоқталды.
- Онкүндік аясында облыстық онкологиялық диспансер мамандары қаладағы және аудандарға емханаларда мониторинг өткізді. Аудандарға іссапарға барып, науқастарды қабылдады,-деді ол.-Дәрігерлерге қаралған аудан тұрғындары арасынан барлығы бес адамнан обыр ауруы табылды. Мұнайлы ауданында 100-ге жетпейтін адам тексеруден өтсе, сүт безі қатерлі ісігінің белгілері үш пациенттен анықталды. Ал Түпқараған ауданында екі әйелдің жатыр мойынының обыры бар екендігі белгілі болды. Анықталған науқастарды емдеу шаралары басталды. Онкүндік өткеннен кейін алдын алу шаралары тоқтап қалмай, біздің диспансерде де, емханаларда да жалғаса береді. Биылдан бастап ай сайын барлық емханаларға жоспарлы түрде баратын боламыз. Өткен жылы 1-2-сатыда табылатын науқастар саны жылдағыдан азайып, республикалық деңгейден төмен көрсеткіш көрсеткендіктен алдын алу шараларын күшейту қажеттігі туындап отыр.
Өңірімізге арнайы іссапармен келген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Диляра Кайдарова республика бойынша өткен онкүндік жөнінде ақпарат жеткізді.
- Барлық аймақтардағы емханаларда өткен онкүндік аясында 1426 адам мамандарға қаралып, 30 адамнан обыр ауруы табылды, ал 37 адамнан осы аурудан күдік байқалды,-деді еліміздің бас онкологы. - Ауру белгілері байқалғандар одан ары тексерілуде. Елбасы Жолдауындағы аурудың алдын алу жөніндегі тапсырмасына орай, биыл онкологиялық қызметті кешенді дамыту бағдарламасын дайындадық. Аурудың алдын алуға баса назар аударылған бұл бағдарлама аясында жүргізілетін алдын алу шаралары арқылы науқастардың 25 пайызының ауруын ерте анықтап, кеселдің жолын кесуге мүмкіндік туады. Бүгінде, өкінішке орай, қазақстандықтардың обырмен ауыратындарының 30%, ал Маңғыстаудағы науқастардың 40% аурудың асқынған, яғни 3 және 4-сатысында.
Д.Кайдарова күні кеше облыстық онкологиялық аурулар диспансерінде болғанын айтты. Ондағы емделушілердің 70 пайызы аурудың 3-4-сатысындағылар екен.
-Небәрі 45 жастағы келіншек жатыр. Жатыр мойны обырының 4-сатысында,-деді ол.- Жап-жас әйел бұған дейін өз денсаулығына неге қарамаған? Рак ауруы жанға батып ауыртпастан дамиды, бірақ кемінде бес жыл бұрын әйелдің бойында ауру пайда болады. Сол кезде дәрігерге көрінбеген, көрінсе де, өзіне өзі салақ қараған болар. Обал-ақ. Ер адамдар, тепсе, темір үзетін жігіттер жатыр аурудың соңғы сатысында. Көпшілігі өкпе обырына шалдыққан. Мұндай ауыр жағдайдағы науқастарға арнайы ем жасалмайды, химиотерапия немесе ота жасауға жарамайды. Оларға тек өмірін ұзарту үшін тамшы салып, ауруды басатын дәрі-дәрмектер береміз. Дегенмен, өңірде асқазан және ас қорыту жүйесінің обыры және одан болатын өлім-жітім алдыңғы орында тұр. Сондықтан Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басшысымен келісе отырып, асқазан және ас қорыту жүйесінің обырын ерте анықтап, алдын алу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыруды ұйғардық. Алдын алу шарасы негізінен гастрофиброскопиямен жүргізіледі. Өңірдің 40 мыңдай тұрғыны осы гастрофиброскопия арқылы тексеруден өтуі керек. Жұмысты бастап кетуге мамандар да дайын, құрал-жабдықтар да бар.
Сондай-ақ бас онколог аурудың алдын алу үшін тұрғындардың жас айырмашылығына қарай өткізілетін скринингке байланысты жаңалыққа да тоқталды.
- Денсаулық сақтау министрлігі скрининг туралы бұйрық шығарды, - деді ол.-енді жатыр мойны обырын тексеру үшін скринингтен 30-70 жас аралығындағы, ал сүт безі обырынан 40-70 жастағы әйелдер өтеді. Бұрын бұл скринигтен 50-60 жастағы әйелдер ғана өте алатын. Ішек обырының скринингі 50-70 жастағы тұрғындарды қамтиды. Бұрынғыдай қатып қалған жас шамасынан асып кетпеу деген қағида болмайды. Емханаға бірінші рет қаралуға келген әйел, мейлі ол 30-да немесе 32-де болсын, бәрібір, ол тексеруден өтеді. Егер нәтиже жақсы болса, онда әйел 4 жылдан кейін тағы тексеруден өтуі тиіс. Сүт безі обырының скринингі де солай, әйелдер құжаттағы жасына қарамастан емханаға келіп, маммографиядан тегін өте алады. Маммография нәтижесі жақсы болса, келесі тексеруге 2 жылдан соң келеді. Ішек обырының скринингінен әйелдер де, ер адамдар да өтуі керек. Бұл арнайы тестпен анықталады. Барлық емханалар бұл тестіні сатып алып, тұрғындарға тегін таратуы тиіс. Мұны барлық тұрғындар білуі керек. Скрининг барысында онкологиялық ауру белгісі байқалғандар онкологтың диспансерлік емін алады. Скринингпен барлық тұрғындар қамтылатын болады. Алайда, тұрғындардың дәрігерге өздігінен қарала бермейтіні жасырын емес. Олардың бірі өз диагнозын естуден қорықса, енді бірі жұмыстан кешігетіндіктен емханада кезек күтуді қаламайды. Сондықтан емханаға келген кезде науқасты бірден бақылаудан өткізу керек. Аурудың арнайы жабдықсыз-ақ көзге көрінетін белгілері бар. Мысалы, адамның терісін, ауыз қуысын, тік ішекті, әйелдердің сүт безін, жатыр мойынын қарауға болады. Мұны тек дәрігер ғана емес, қарау кабинетіндегі орта буын маман да қарай алады. Осы мәселелер бойынша жыл бойы барлық аймақтарда семинарлар өткізіп, мамандарды оқыта береміз. Тағы бір жаңалық— онкологиялық көмектің жаңа кешенді жоспары дайындалды. Наурыз айында Үкіметте бекітілер болса, бұл жоспар бойынша ауқымды профилактикалық шаралар жүзеге аспақ. Оған БАҚпен қатар қалта телефондары да тартылады.
Баспасөз мәслихатында Д.Кайдарова мен Н.Жариев журналистер сауалдарына жауап берді.
- Жаңа қанатқақты жоба қалай қаржыландырылады және оның құны қанша?
- Асқазан және ас қорыту жүйесінің обырын ерте анықтап, алдын алуға арналған қанатқақты жоба облыс әкімдігі тарапынан қаржыландырылуы тиіс. Оның құны шамамен 40 миллион теңге болады деген ойдамыз.
- Гастрофиброскопия деген не?
-Гастрофиброскопия—адам ішке жұтатын зонд. Соны міндетті түрде жұту керек. Оны жұтқан кезде ауырсынуын білдірмейтін дәрі-дәрмекті пайдалануға болады.
- Бұл жоба маңғыстаулықтарды түгел қамти ма?
-Тек диспансерлік есепте тұрған, созылмалы гастрит, асқазанында, ішегінде жарасы бар тұрғындар жасына қарамастан осы қанатқақты жобаға қатысуы керек.
- Балалар арасында кездесетін обыр ауруының түрлелі қандай?
- Бүгінде онкологиялық аурулардың балалар арасында да кездесіп жатқаны өкінішті. Балалар көбінесе қан және бас ми қатерлі ісігіне шалдығады. Обыр ауруын алдын ала байқай қою мүмкін бола бермейтіндіктен ата-аналар, әсіресе, аналар балаларының денсаулығына мұқият қарағаны дұрыс. Егер бала жиі салқын тиіп, ауыратын болса, әдеттегісінен көбірек ұйықтай беретін болса, басқа да болмашы белгілер білінсе, дереу дәрігерге көрсету керек. Кім біледі, бала денсаулығындағы өзгеріс обыр ауруының алғашқы белгісі болуы ықтимал. Сондықтан әркім өзінің де, баласының да денсаулығына селсоқ қарамағаны абзал.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА