Біздің еліміздің алдында дамыған отыз елдің қатарына ену міндеті тұр. Бұл мақсаттың орындалуы үшін барлық елдерге қойылатын талапқа сай Қазақстан бойынша бірнеше маңызды көрсеткіштерге қол жеткізу керек. Дүниежүзілік экономикалық форумның ұлттық экономикалардың рейтінгісімен бірге Бәсекеге қабілеттіліктің Жаһандық индексінің (БЖИ) нұсқасы бойынша 2017-2018 жылдардың есебі жарияланды. «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсерінің» көрсеткіші жыл сайын ақпан-наурыз айында өткізілетін бизнес нысандары басшыларынан тәуелсіз сауалнама жасау негізінде бағаланады.
АИТВ инфекциясы бүкіл дүниежүзінде және республикамызда өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны белгілі. Ал соңғы зерттеу нәтижесінде Қазақстан жалпы рейтінгте аталған көрсеткіш бойынша 81-ден 100-орынға төмендеді. Бұл бизнес нысандары басшыларының АИТВ инфекциясының бизнесті жүргізуге әсері бар-жоғын, оның жұғу жолдарын біле бермейтінін көрсетсе керек.
Таяуда ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығында ұйымдастырылған дөңгелек үстел «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» көрсеткішін жақсартуға арналды. Оған облыстық денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және сауда басқармаларының, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері және өңірдегі бизнес құрылымдар басшылары қатысты. Басқосуды ашып, жүргізіп отырған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Клара Оралбаева көтеріліп отырған мәселе жаһандық көрсеткіш болғандықтан оның өзекті екендігін атап өтті.
- АИТВ инфекциясының таралуы жөнінен біздің облысымыз республика бойынша соңғы орында тұрған Қызылорда обысының ғана алдында тұрғаны көңілге демеу,-деді ол.-Алайда «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» көрсеткіші бойынша алдыңғы орындардан көріну үшін бизнес құрылымдарының басшылары АИТВ инфекциясына қатысты ақпараттардан хабардар болуы тиіс. Біз жыл сайын өңіріміздегі мекемелерге АИТВ инфекциясының алдын алу және оның таралуы бойынша кездесулер, дөңгелек үстелдер ұймдастыру жөнінде ұсыныс айтып, хат жазып отырамыз. Өкінішке орай, біздің хаттарымыз көбінесе жауапсыз қалады немесе мекемелер мен ұйымдар басшылары тарапынан қарсылыққа тап болып жатамыз. Мұндай басқосу шараларын өткізу үшін аса көп уақыттың қажеті жоқ, жарты сағат бөлсе де жарайды. Осы жарты сағатта мекемелер мен ұйымдар басшылары АИТВ инфекциясы туралы біраз жайға қанығып қалады.
Орталық директорының міндетін атқарушы Алмабек Бисен «АИТВ инфекциясы бойынша Республикадағы және Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдай. АИТВ инфекциясының бизнеске әсері» туралы баяндады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұқағалидың туған күніне орай жас ақындар байқауы өтті (ФОТО)Алмабек Қонарбайұлының айтуынша, өткен жылы облыста АИТВ инфекциясымен 41 адам тіркелген. Олардың 27-сі Қазақстан Республикасының, 14-і шетел азаматтары. 100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіші (шетел азаматтарын алып тастағанда)–4,3. 2016 жылы АИТВ инфекциясы 32 адамда анықталып, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы—27, анонимді—1, шетел азаматы—4 болды. 2017 жылы АИТВ инфекциясы 9 жағдайға өсіп отыр. 1994 жылдан бері өсіммен биылғы 31-қаңтарға дейін 271 АИТВ инфекциясы анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала үшеу, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш—43,2, балалар арасында–1,4. АИТВ инфекциясымен тіркелендердің 194-і—ҚР азаматтары, 74-і—шетел азаматтары, біреуінің азаматтығы жоқ және 2 адам анонимді тексерілген.
Қазақстанда АИТВ инфекциясын емдеу тегін және мемлекетпен кепілдік берілген. АИТВ жұқтырылған адамдардан жұмыстастарына инфекция жұқпайтындықтан олардан ұжымға төнетін қауіп жоқ. Өйткені, АИТВ инфекциясы ауа арқылы, қол алысқанда немесе құшақтасқан кезде, жалпыға ортақ әжетхананы, лифтіні пайдалану кезінде және басқа да қоғамдық орындарда берілмейді.
Басқосуға қатысушылар мамандардан АИТВ/ЖИТС жөнінде туындаған сауалдарына жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48479,48477,48478"]