Ақтау қаласында 9836 адам тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде тіркелген. Бұл туралы бүгін Ақтау қаласы әкімі Ғалымжан Ниязов халыққа есеп беру кешінде мәлімдеді.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың ішінде 3510-ы – 1-топтағы мүгедек, көп балалы отбасы, мүгедек бала асырап отырған отбасы болса, 401 жетім бала, апаттық тұрғын үйде тұратын 21 адам, 5904 мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері бар.
- Биыл 2200 пәтер береміз деп жоспарлап отырмыз, оның ішінде 478 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған тек қана қала азаматтарына берілсе, 861 пәтер тұрғын үй кезегіндегі өңір тұрғындарына, 861 пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріледі, - дейді Ақтау әкімі Ғалымжан Ниязов.
Қала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлер Ақтауда жаңа тұрғын үйлер бой көтеру үшін жұмыстанып жатыр. 2018 жылы кәсіпкерлер 7798 пәтер беруді жоспарлап отыр, олардың құны 1 шаршы метрге шаққан 150-180 мың теңге аралығында болады. Айта кетейік, 2017 жылы Ақтауда 3137 пәтер тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2016 жылғымен салыстырғанда 30,1 пайызға артық. Соның ішінде жеке кәсіпкерлердің бастамасымен 1801 пәтер пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы былтыр 192 пәтер тұрғын үй алу кезегіндегі тұлғаларға берілді. «Бәйтерек Development» АҚ арқылы салымшыларға 540 пәтерге арналған 9 тұрғын үй берілді.
Жиын соңында қала әкіміне тұрғындардан бірқатар сұрақтар келіп түсті.
Сүйеу Жолымбердиев есімді тұрғын «Приозерный-1» кентінің ішкі жолдары нашар, қар жауып, жауын-шашын болғанда су жиналып, көлік түгілі жаяу тұрғындар жүре алмай қалатынын айтты.
- Ақтауға қарайтын Өмірзақ ауылына Приморск, Рауан, Приозерный-1, Приозерный-2 кенттері кіреді. Жобалық-сметалық құжаты дайын, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінсе, Приозерный кентіндегі кейбір жолдарға жөндеу жұмысын бастаймыз, - деп жауап берді қала әкімі Ғалымжан Мұқырұлы.
Өмірзақ ауылы әкімінің айтуынша, Приозерный-1, Приозерный-2 массивінің жолдарын орташа жөндеу үшін 35 миллион теңге қаражат керек.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48386,48385"]